Русский Сайттың толық нұсқасы

Рудныйда 27 жастағы келіншек арбаға таңылған жанды ұрып, тонап кеткен

  • AstanaTV
  • 12 қыркүйек 2014
  • 1353

Рудныйда 27 жастағы келіншек, мүгедек жанға әлімжеттік жасап, қалтасындағы  ақшасын тонап кетті Жұлыны зақымданған Геннадий Пугачевті күдікті келіншек шіркеу маңында күтіп тұрған. Кейін ол арбаға таңылған адамның қасына келіп, көмектескісі келетінін айтады.

Бірақ  жол-жөнекей әйел 56 жастағы еркекке сес көрсетіп, әуелі ақша сұрайды. Кейін әлімжеттік жасап, мойнынан қылқындырып, қалтасындағы екі жүз теңгедей ақшасын тартып алады. Амалы таусылған мүгедек күдіктінің білегінен тістепті.

Геннадий  Пугачев, жәбірленуші:

Ол менің жағама жабысып, қылқындыра бастады. Тіпті көйлегімнің түймесі үзіліп кетті. Сосын желкемнен кейін тартып тұрды  да, қалтамды тінтіп, қалған тиын-тебенді сыпырып алды. Бұдан кейін мені ұра бастады. Оң жағыма қатты соққы тиді.

Мүгедек жанның айқайын жақын маңда жүргендер естіп қалып, араша түскен көрінеді. Ал күдікті бірден ізін суытқан. Жас келіншектен жәбір көрген Геннадий Пугачев кейін  полицейлерге қоңырау шалып, оны  жазаға тарту жөнінде арыз түсіреді. Тәртіп сақшылары бұл іске қатысты «қарақшылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.

Мұрат Көшетов, Қостанай облыстық ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің қызметкері:

1987 жылы туған күдікті әйелге қатысты ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қабылданды. Жақын арада іс аяқталып, сотқа жолданатын болады. Бұл бап бойынша күдіктіге 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Заңғар САНАЙ