Русский Сайттың толық нұсқасы

Астана қаласының мектеп оқушысы сыныптасын қаламмен өлтіріп қойды

  • AstanaTV
  • 16 қыркүйек 2014
  • 2822

Астана қаласының нөмірі 76-мектеп-лицейінде қайғылы оқиға болды. 8 сынып оқушысы өзінің сыныптасына қаламсап сұғып алды. Дәрігерлер жарақаттанған шәкіртті құтқарып қала алмады.

Оқиға бірінші оқу ауысымда болған. Тарих сабағы барысында екі оқушы сөзге келіспей қалып, алдыңғы партада отырған оқушы артта отырған сыныптасын кеуде тұсынан қаламсаппен ұрған. Соққының күштілігі сондай, баланың күре тамыры зақымдалып, ішкі қан құйылудан жедел жәрдем көлігінде көз жұмды. Қайғылы оқиға кезінде оқытушы орнында болған-болмағаны белгісіз.

Раушан Күшібаева, №76 мектеп-лицейінің директоры:

Әрине бүгін мектебімізде сондай қайғылы оқиға болды. Ол маған ғана емес бүкіл ұжымға қайғылы, қабырғамызды қайыстырып тұр әрине.

Оқиға дәл осы сыныпта болды. Қазір ол жерде криминиалист мамандар жұмыс жасап жатыр. Мектеп директорының сөзінше, қылмыс жасаған Әлихан есімді оқушының бойынан бұрын-соңды қатыгездік сипаттар байқалмапты. Оқушы тұйық, қатарластарымен араласа қоймайтын көрінеді. Ол кәмелеттік жасқа толмағандықтан қазір ата-анасымен үйінде. Баланың отбасы толық, ешқандай әлеуметтік проблемалары жоқ деп сипатталады.

Раушан Күшібаева, №76 мектеп-лицейінің директоры:

Ол баланың әкесі дәрігер, толық отбасы. Астана қаласының оқушысы, жаңадан ашылған мектеп қой, анау-айтқандай балалармен бұрын төбелесіп басқа да жағдай болған емес.

Ішкі істер департаментінің кезекші бөлімшесіне қоңырау таңға 11:10-да келіп түскен. Қазір оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып тергелуде. Айта кетейік, Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексіне сәйкес адам өлтіру фактісі бойынша қылмыс жасалған сәтте 14 жасқа толған азаматтар жазаға тартылады.

София Қылышбекова, Астана қаласы ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:

Дене жарақатының нәтижесінде 8-нші сынып оқушысы оқиға орнында көз жұмды. Осы іс бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Әзірге екі оқушы арасында жанжал не себепті басталғаны, және кім бастағаны белгісіз. Еске салайық, аталмыш мектеп осыдан екі апта бұрын, білім күні қарсыңында жаңадан ашылған елордалық 5 мектептің бірі. Қазір білім мекемесінде екінші ауысым оқушыларының сабақтары қалыпты жағдайда жүріп жатыр. Алайда оқиға туралы естіген ата-аналар үрейленіп, балаларын алып кету үшін мектеп кіреберісінде табжылмай күтуде.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ