Русский Сайттың толық нұсқасы

Амал ма, алдау ма?..

  • AstanaTV
  • 09 қаңтар 2016
  • 2578

Қарауылда тұрып атылып, каптеркада асылып өлетін жауынгерлер өкінішке қарай, азаймай отыр. Кейбір мәліметтерге қарағанда, жылына әскери қимылдарға қатысы жоқ 500 жауынгер өлімі тіркеледі екен. Мұндай алаңдатарлық тенденция әскер шенділерін тығырықтан шығудың жолдарын іздеуге мәжбүрлеп отыр. Мысалы, Ұлттық гвардия басшылары суицидке бейім солдаттарды анықтайтын аппарат алғандарын жариялаған. Біздің тілшіміз Азамат Алдоңғаров көруге барып, қанаттанып қайтқан. Бірақ дискуссия кезінде физик-ғалымның пікірін білуді ұйғардық. Ол дүмшелік демесе де... Қазір Азамат рет-ретімен баяндап береді.

Қазақстан елде тіркелеген суицидтер саны бойынша жаһандық көштің алдыңғы шебінде екенін ақпарат құралдары талай айтты.  ЮНИСЕФ есебінде мамандар біз, жасөсіпірімдер суициді бойынша әлемде екінші, қыз балалардың өлімі бойынша көшбасшымыз деген қайғылы статистиканы келтіріп те дабыл қақты. Бұл өмірде адам өмірінен құнды ештеңе жоқ екені анық. Сондықтан еліміздің «Ұлттық Ұланы» сарбаздар арасындағы өзіне-өзі қол салуды біржола тоқтатын қондырғы алыпты деген жаңалығы қоғамды елең еткізді.

Алдымен статистика. Әскери прокуратураның ұсынған мәліметіне сәйкес, 2014 жылы 27, 2015-те 24 сарбаз өз-өзіне қол салыпты. Әскер қатарының бейбіт күнде сиреп, Отан алдында борышын өтеуге ұлын аттандырған ата-ананың қаралы хабар алуы үлкен трагедия. Ұлттық ұланның жаңалығын әріптестеріміз сүйіншіледі. Ғылымның ғажайыбын өз көзімізбен көрмекке ұлттық гвардияға аттандық.

Бұл қондырғыны тек қана әскери қызметте емес, күнделікті өмірде де қолдануға болады. Ол адамның психологиялық портретін беріп қана қоймай, тіпті екі адамның арасындағы сәйкестікті анықтайтын көрінеді. Бұның мүмкіндігі онымен ғана шектелмейді...

Бұл менің қондырғымен танысу барысында әскери психологтың сөзінен ұққаным. Оның іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін білмек үшін ғылыми экспериментке бардым.

Қазір біз оның мүмкіндіктерін тексеріміз.

Аппараттың атауы газ разряды тәсілі арқылы визуалдау қондырғысы, яғни суреттеу. Ол үшін мен он саусақты аппаратқа сүңгітіп, ізін қалдырам. Саусақ ізі арқылы картотекадан ұрыны анықтаған ізкесерлерді, кинодан әрине, талай көрдік. Бірақ мидың мың қыртысында жасырынған ақпаратты аппарат саусақтан қалай сорып алар екен деген ой болды. Десе де, тәжірибеге кіріскен соң соңына дейін бару керек.

Сізге салқын тиген бе, әлде басқаша мен енді оны әрине білмеймін, бірақ бұл сіздің сол жақ ми қатпарларында тіпті анық көрсетілген.

Аппарат менің психологиялық жай-күйім қалыпты деген қорытынды шығарды. Әрине, көңілі тоқ, көйлегі көк адам неден түңілсін?! Ал арагідік тұмауратқаным бар, соның бірі есте қалмаса да, сол жақ ми қатпарының бір жүлкесінде шығар деген оймен сендік, несі керек. Қысқартқанда ГВР деп аталатын аппаратты Ұлттық Ұланға атымтай жомарттар тегін беріпті.

Мұхаметқали Сатов,«Ұлан» ұлттық гвардиясы  бас қолбасшысының әлеуметтік-құқықтық жұмыс бойынша  орынбасары:

Астанада әскери бөлімде тексеріп жатырмыз, сосын алматыда тексердік, көрдік уже. Былай өзі аппарат жаман емес, бізге әскери психологтарға жақсы көмектеседі.

Сарбаз тәрбиелеуден 40 жыл тәжирибесі бар гвардия полковнигі қондырғы әскер сабындағы суцидті күрт тыяды дегенге сенімді. Оның сөзінше аппарат әскери психологтың жұмысын едәуір жеңілдетуі тиіс. ГВР-ды әскерге тегін берген кәсіпкер, мамандығы бойынша психолог көрінеді. Психолог маман да аппаратың ғылыми мүмкіндіктері туралы көп әңгімеледі. Ғажап шынымен. Сондықтан қондырғы ғылыми мақсатта тағы қай салада қолданыста деген сауал қойдық. Жауап, шыны керек таң қалдырады.

Алнур Өшібаев, кәсіпкер:

Аударма: Қазақстанда 5-6 аппарат бар. Бірақ мен олардың ғылыми мақсатпен қолданғанын кездестірген жоқпын.

Аппарат ғылыми нонсенс болып біз тыңға түрен салдық па сонда? Жоқ, өкінішке қарай. Қондырғы 1995 жылы Санкт-Петерборда жасалыпты. Бағасы 2 миллион теңгеден артып жығылатын көрінеді. Ғажап аппарат осыдан 20 жыл бұрын жасалса біз неге оны бүгін ғана танып отырмыз? Осы оймен қондырғының ғылыми мүмкіндіктерін саралауға радиофизика-электроника ғылыми зерттеу институтына бардым. «Жерден жеті қоян тапқан» жаңалығымды жеткіздім. Институт директоры апараттың сонау 1939 жылы ашылған, кейін 1949 жылы патенттелген Кирлиан эффектісімен жұмыс істейтін ескі қондырғы екенін жазбай таныды.

Сейіл Сауытбеков, физика-математика ғылымдарының докторы, радиофизика-электроника ғылыми зерттеу институтының директоры:

Кирлианның эффектісі деген бар. Оның өткен ғасырдың басында шетелдің адамдары айналысқан. Ал оны совет ғалымдары Кирлиан әйелімен патент жасаған. Осы күнге дейін оны Америкада зерттеп келе жатыр, бірақ аяғына дейін жетті деп айтуға болмайды. Бұның бір ерекшелігі бұл ғылым мен эзотериканың арасында тұрған нәрсе.

Эзотерика, яғни ғылымнан мистикаға жақынырақ құбылыс. Ендеше ол ғылым болмаса, оны қорғаныс саласында қолдану қисынды ма? Тәжірибелі физиктің сөзінше биофизикадан терең білімі жоқ қатардағы адам апараттың берген қортындысына сенуі мүмкін. Кей ақпараттың сіздікімен сәйкес келуі де мүмкін. Маман оны балгердің болжамына теңеді. 

Сейіл Сауытбеков, физика-математика ғылымдарының докторы, радиофизика-электроника ғылыми зерттеу институтының директоры:

Мысалы астрологтар да өзінше түсінеді. Оған кейбір адамдар сенеді. Ал енді ол прибор болғаннан кейін одан сайын сенуі мүмкін. Ал іс жүзінде бұл медицинада қабылданған нәрсе емес.

Ал аппаратты алған әскерилер:

Ержан Бүркітбаев, әскери писхолог:

Жай құрғақ сөзге сенгісі келмейді, сол кезде осы құрылғының көмегімен басым көпшілік командирлерді мойындатуға болады, сендіруге болады.

Мұхаметқали Сатов,«Ұлан» ұлттық гвардиясы  бас қолбасшысының әлеуметтік-құқықтық жұмыс бойынша  орынбасары

Мен өзім ойлап отырмын, егер жағдайымыз болса басқа әскери бөлімдерге алып, біздің офицер мен әскери психолгтарға жақсы көмек береді.

«Кирлиан» тәсілі туралы «Википедия» анықтамасында «тәсілдің ғылыми мойындалған жетістіктері тіркелмеді» - депті. Сарбаздардың суицидін сап тыяды деген қондырғы туралы біз терген дерек осындай.

Әскери прокурорлар өзіне өзі қол жұмсайтын сарбаздардың басым көбі негізінен келісім-шартпен қызмет ететіндер дейді.

Бауыржан Балықбаев, ҚР Бас әскери прокурорының аға көмекшісі:

Статистикаға сүйенетін болсақ, бізде нақты мерзімдегі әскери қызметкерлерлден көрі, яғни сарбаздарыздан гөрі мына шарт негізіндегі әскери қызметшілер мен офицерлердің саны көбейіп отыр.Талдаудың нәтижесінде ол отбасы тұрмыстық жағдайға байланысты, қаржылық проблемаларға банктерден несие алу проблемасына байланысты, соны уақытында төлей алмау секілді проблемаларға байланысты болып жатыр.

Сейіл Сауытбеков, физика-математика ғылымдарының докторы, радиофизика-электроника ғылыми зерттеу институтының директоры:

Әр нәрсенің өз себебі бар, содан кейін салдары болады ғой. Сондықтан салдарымен күреспей, себебімен күресу керек. ол приборларды алмай-ақ мысалы армияда тәртіпті дұрыстаса, жағдай жақсартатын болса есі дұрыс адам өзіне-өзі  қол сала бермейді ғой. Сап-сау адамды сондай күйге жеткізуге болады. Ал оны прибор алып келдім, соның арқасында аман қалады деп айту ол да кішкене күмәнді.

 «Ғажайып» аппараттың «құнын» дәлірегі, беретін пайдасын таразыға салу қиын емес сияқты... Азамат Алдоңғаров, «Біздің уақыт».