Русский Сайттың толық нұсқасы

Діндер жетекшілерінің бесінші съезінде діни көшбасшылар мен саяси қайраткерлер диалогы мәселесі талқылануы керек

  • AstanaTV
  • 18 қыркүйек 2014
  • 2175

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің бесінші съезінде діни жетекшілер мен саяси қайраткерлер диалогы мәселесі талқылануы керек. Мұндай ұсынысты съезд хатшылығының жетекшісі Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан съезд хатшылығының ХІІІ отырысында айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының жетекшісі:

Съезде дін көшбасшылары мен саяси қайраткерлердің диалогы мәселесін талқылауды ұсынамыз. Дін өкілдері сіздер жекелеген адамдармен қоса жалпы қоғамның санасы мен көңіл-күйіне әсер ете аласыздар. Қорқыныш пен түсінбеушілікті жеңдіріп, игі істерге ынталандыруға қауқарлысыздар. Ал саясаткерлер түрлі ұлттар мен діндердің татулығы мен ынтымақтастығын бейбіт өмірді сақтауды көздеген съезд идеясын өміршеңді ете алады. Біріксек біз көп шаруа атқара аламыз.

Хатшылықтың басты мақсаты - келер жылы болатын бесінші съездің тақырыбы мен уақытын белгілеп, дайындық барысын пысықтау. Сөйтіп ислам, христиан, иудаизм, синтоизм, индуизм, даосизм және буддизмнің беделді өкілдері 2015 жылы тағы да Астанада бас қоспақ. Түрлі дін өкілдерінің басын бір жерге тоғыстырып, бейбіт өмір үшін бірігудің тамаша үлгісін танытқан Астана съезінің маңыздылығын сөз алғандардың барлығы атап өтті.

Абдулла Фахад Аль-Лхидан, Сауд Арабиясы корольдігі Ислам істері жөніндегі министр кеңесшісі:

Қазақстан алғашқылардың бірі болып діндер арасында диалог орнату идясын қолға алды. Бұл Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігі болды. Әлемдегі ахуал қазір ушыққан ауру кейпінде. Ол аурыдың емі - диалог. Ислам діні үнемі диалогқа шақырады. Өйткені исламның негізі бейбітшілік, қауіпсіздік және қайырымдылық.

Діни экстремистік және радимкалды топтармен тек білім арқылы күресуге болады. Жастардың діни сауаты болса, ондай қатерлі ұйымдардың арбауына түсіп қалмайды. Сондықтан жастардың жалпы білімі мен діни сауаттылығын арттыру керек деген ой айтылды хатшылық отырысында.

Айта кетерлігі, Елбасының бастамасымен әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің алғашқы съезі Астанада 2003 жылы өтті. Игі шара дәстүрге айналып съезд осымен бесінші мәрте өткізілгелі отыр.

Айгүл ӘДЕПБАЙ