Русский Сайттың толық нұсқасы

Азия ойындары жалғасуда

  • AstanaTV
  • 22 қыркүйек 2014
  • 1147

Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында Азия ойындары жалғасуда. Ауыр атлетикадан Лондон олимпиадасының чемпионы - Зульфия Чиншанло бұл жолы күміс медальға қанағат тұтты. Серпе көтеруде әлем рекордын жаңартқанына қарамастан, отандасымыз екі бағдарлама қосындысы бойынша Қытайдың Тайпей елінен келген спортшыға жол беріп қойды.



Қатарынан үш ойында ұтылған елордалық «Барыс» командасы жанкүйерлерін қуантты. Құрлықтық хоккей лигасының кезекті турында Новокузнецк қаласының «Металлург» клубын қабылдаған қазақстандық ұжым екі ұпайға қол жеткізді. Бұл кездесуге жарақатына байланысты бірқатар хоккейшілер қатысқан жоқ. Олардың қатарында шабуылшылар: Николай Антропов, Дастин Бойд, Федор Полущук, Никита Михайлис. Қорғаушылар: Алексей Литвиненко, Кевин Далмэн және қақпашы Виталий Еремеев. Оның үстіне бас бапкер Андрей Назаров өз шәкірттеріне көмекке келе алмады.

Тәртіп комитетінің шешімімен алты ойынға шеттетілген ресейлік маман кездесуді көрермендер қатарынан көруге мәжбүр болды. Осы мәселелерді ескере отырып, айдын иелері бірқалыпты өнер көрсете алмады. Қысқасы, үш кезең бойы алма-кезек шабуылға шыққанына қарамастан, екі ұжым қақпаға шайба соға алмады. Тек овертаймда жолы болған «Барыс» командасы дегеніне жетті. Евгений Блохиннің пасынан кейін қақпа алдында қараусыз қалған Брэндон Боченски команда қоржынына екі ұпайды салып берді.

Андрей Гаврилин, «Барыс» клубының шабуылшысы:

Бүгін шайба қақпаға кірмей қойды. Есеп ашатын мүмкіндік аз болған жоқ. Оның үстіне сан басымдығын жүзеге асыра алмадық.

Келесі кездесуін «Барыс» командасы енді Ярославль қаласының «Локомотив» клубына қарсы өткізеді.

Самат ҚАНАҒАТОВ