Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда жанармай тасушы көлік пен автобустың соқтығысуынан 1 адам қаза болды

  • AstanaTV
  • 22 қыркүйек 2014
  • 1441

Алматыда орын алған ірі жол апаты бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бүгін таңертең Жұмабаев және Палладин көшелерінің қиылысында жолаушылар автобусы, жанармай тасушы жүк көлігі мен Mercedes жеңіл көлігі соқтығысты. Ауыр соққыдан автобус жүргізушісі оқиға орнында көз жұмған.

Куәгерлердің айтуынша, ол көлік терезесінен сыртқа ұшып кетіп, қайтыс болды. Апатты өз көзімен көргендердің мәліметінше, оқиға былай болған. Ішінде жолаушылары бар нөмірі 56-шы бағыттағы автобус жол қиылысында бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кетпек болған. Сол сәтте қарсы бағыттан келіп қалған жанармай тасушы көлігімен соқтығысады. Қатты соққыдан автобус аударылып, жанында өтіп бара жатқан Mercedes көлігіне құлайды. Ауыр соққыдан автобуста болған сегіз жолаушы жарақат алған. Ал жеңіл көлік пен жанармай тасымалдаушы көліктің жүргізушілері аман.

Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, апат болған жерде өрт тұтанбаған. Жетісу Аудандық Ішкі істер басқармасының полицейлері оқиғаға байланысты алдын ала тергеу жұмыстарын жүргізуде. Оқиға себеп-салдары толық 20 күннен соң толық анықталатын болады.

Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ІІД баспасөз жетекшісі:

Палладин мен Жұмабаев көшелерінің қиылысында орын алған ірі жол апатының себеп-салдары анықталуда. Қазіргі таңда Алматы қаласы ІІД-нің анықтау басқармасында іс қозғалды. Яғни, 296-бабының 2-тармағы бойынша қылмыстық кодекстің толық тексеріліп, қорытындысы анықталатын болады.

Айгүл ӘДЕПБАЙ