Русский Сайттың толық нұсқасы

Бауыржан Байбек Шри-Ланкада Азиялық саяси партиялар Бас Ассамблеясының 8-ші халықаралық конференциясына қатысты

  • AstanaTV
  • 22 қыркүйек 2014
  • 1454

«Нұр Отан» партиясының делегациясы Шри-Ланкада Азиялық саяси партиялар Бас Ассамблеясының 8-ші Халықаралық конференциясына қатысты. Аталмыш құрылымға әлемнің 53 елінен 360 партия біріккен.

Айта кетейік, Азиялық саяси партиялар Халықаралық Конференциясының 5-ші Бас Ассамблеясы мен Тұрақты комитетінің 10-шы отырысы 2009-жылы Астанада өткен. Биылғы конференция «Азиялық қауымдастық құру» тақырыбын қамтыды. Пленарлық отырыс барысында партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек «Нұр Отан» партиясының «Қазақстан-2050» стратегиясын іске асыру аясындағы негізгі мақсаттарға тоқталды. Сондай-ақ, партияның жаңғыруы мен басты бағдарлары жайлы да кеңінен атап өтті.

Мұнан бөлек, Бауыржан Байбек Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Шанхай саммитінде айтқан Азиялық ынтымақтастық туралы сөзін келтірді. Мемлекет басшысы онда «Азия - әлем халқының ең тығыз қоныстанған аймағы. Яғни, тұтынушылық сұраныстың аса ауқымды бөлігін беріп отыр. Біздің ортақ ықпалдастық үдерістерімізді Ұлы Жібек жолын жаңғыртудың айналасында құруға болады», - деген еді.

Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Шри-Ланканың Коломбо астанасында Азиялық саяси партиялардың конференциясында 53 мемлекетінен 360-тан астам саяси партиялары қатысып отыр. Олардың бәрі Елбасы «Нұр Отан» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымын құру бастамасын толық қолдап, оған жоғары баға беріп отыр.

Ассамблея аясында Бауыржан Байбек Шри-Ланка президенті, Шри-Ланка бостандығы билеуші партиясының төрағасы Махинд Раджапаксамен кездесті. Ол өз сөзінде, ұзаққа созылған азамат соғысының қайғы-қасірет пен апаттан басқа ештеңе әкелмегенін және елдің экономикасын әлсіреткенін атап өтті. «Соғыс аяқталып, бейбітшілік орнаған соң қоғамда ынтымақ пен тұрақтылық артып, мемлекет экономикалық және әлеуметтік дамудың даңғыл жолына түсті», - деді Шри-Ланка президенті.

Сондай-ақ, Азия елдері саяси партиялары делегацияларының бірқатарымен екі жақты кездесулер өтті. Олар - Азиялық саяси партиялардың Халықаралық конференциясының төрағасы Хосе дэ Венешиа, «Единая Россия» партиясы Бас кеңесі президиумының мүшесі Андрей Климов, Қытай компартиясы Орталық Комитетінің өкілі Чэнь Фэнсян, Біріккен Малай Ұлттық ұйымы Жоғарғы кеңесінің мүшесі Дато Сери Шахидан Бин Кассим. Екі жақты кездесулерде партияаралық ынтымақтастықты тереңдету мәселелері талқыланды.

Жұрағат БАМАН