Русский Сайттың толық нұсқасы

Өскемен қаласының тұрғыны әскери граната тауып алды

  • AstanaTV
  • 30 қыркүйек 2014
  • 1229

Өскемен қаласының тұрғыны дене шынықтыру және сауықтыру кешенінен әскери граната тауып алды. Жарылғыш затты көрген бойда, полицияға хабарласқан. Сауықтыру орталығына жеткен саперлар снарядтың әскери екенін растады. Жарылғыш зат табылған аумақ дереу қоршауға алынды. Құтқарушылар мен дәрігерлер де тартылды. Өйткені спорт кешенінде осы кезде көркем гимнастикадан қалалық турнир өтіп жатқан. Ғимараттағы жүзден астам адам шұғыл түрде эвакуацияланып, саперлар жарылғышты арнайы қорапқа салып, полигонға әкетті.

Ересектермен қатар балалар да жаттығатын дене шынықтыру кешеніне әскери гранта қалай тап болғанын полиция әлі анықтайды. Болжам бойынша, бұл оқушылардың қияңқы әрекетінен болуы мүмкін. «Болмаса, жарылғышты тастап кеткен адам спорт кешені жанындағы көлік жуу орталығын «көздеуі»  ықтимал», деп жорамалдайды полиция.

Айта кетерлігі, снаряд табылған ғимараттың қарсысында полиция бөлімі орналасқан. Қазір тергеушілер ғимарат ішіндегі бейнебақылау камераларындағы жазбалар мен сол маңнан өткен көлік салондарындағы жазба камераларын зерттеп жатыр.

Бақытжан Торғаев, ШҚО ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:

Бұл граната ескі, тот басып кеткен. Дегенмен бұл гранатаның F-1 әскери граната екені белгілі болды. Бұл граната әскери бөлім саперларымен қауіпсіз жерге тасымалданды. Әрі қарай бұл граната жойылады. Қазіргі уақытта бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, полиция қызметкерлері осы іс бойынша зерттеу-тергеу амалдарын жасап жатыр.

Айгүл ӘДЕПБАЙ