Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда Қазақстан мен Ресейдің он бірінші өңіраралық форумы өз жұмысын бастады

  • AstanaTV
  • 29 қыркүйек 2014
  • 1752

Қазақстан және Ресей басшыларының кезекті кездесуі ертең Қазақстанда жалғаспақ. Бүгін Атырауда екі елдің он бірінші өңіраралық форумы өз жұмысын бастады. Қазақстан ресейлік кәсіпкерлер үшін қолайлы экономикалық аймақ болып тұр. Тек жыл басынан бері елімізде ресейліктердің қатысымен 1300 компания тіркелген. Екі ел арасындағы тауар айналым 26 млрд АҚШ долларынан асты. Өңіраралық форум жұмысында осы сандар айтылды. Дәстүрлі шара шеңберінде қос ел кәсіпкерлерінің іскерлік кеңесі өтті. Онда Еуразиялық экономикалық одақтың құқықтық-нормативтік құжаттарындағы жетілдірілуі тиіс мәселелер мен кедергілер талқыланып, болашақ жоспарлар құрылды. Атыраудан меншікті тілшіміз Базаркүл Нәдірқызының репортажы.

Атырау форум қонақтарын ақ жауынмен қарсы алды. Мұнайлы астанада таңертең басталған жаңбыр кешке дейін тоқтаған жоқ. Бірақ табиғаттың мұндай құбылысы көршілес елдер іскерлік топтарының миссиясына кедергі келтіре қоймайтын сынды. Ресейдің сауда-өнеркәсіп палатасы мен Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдері ортақ нарықтағы кедерлерді жойып, байланыстағы жетілдіру мәселесін талқылады.

Борис Чесноков, Алтай сауда-өнеркәсіп палатасының президенті:

2006-жылы іскерлік кеңес құрылған уақытта Кеден одағы туралы айтылмаған еді. Сауда-өнеркәсіп палатасы, бірыңғай Кеден одағы мен қазір қалыптасып жатқан Бірыңғай еуразиялық экономикалық кеңестің құрылуына түрткі болды деп айтуға болады. Әрине, басты мақсат - Қазақстан мен Ресей кәсіпкерлігінің әріптестігі. Айта кетейін, Ресейдің 83 аймағының 67-сі Қазақстанмен тығыз қарым-қатынаста. 

Іскерлік кеңес құрылған 8 жыл ішінде әбден нығайды дейді іскерлер. Сол уақыттан бері Ресей мен Қазақстан арасындағы тауар айналым 26 жарым миллиард долларды құраған. Тек жыл басынан бері Қазақстанда ресейлік 1300 компания тіркелген. Ұлттық кәсіпкерлік палатасы басқарма төрағасының орынбасары Рахым Ошақбаев бұл өз кезегінде Батыстың Ресейге және Ресейдің жауап түрінде Батысқа қатысты жариялаған санкцияларының «жемісі» болуы да мүмкін екенін айтты. Отандық кәсіпкерлік палата жетекшісі санкциялар салқыны бізге де тиетінін мойындады.

Рахым Ошақбаев, ҚР Ұлттық кәсіпкерлік палатасы басқарма төрағасының орынбасары:

Санкция Ресейде өз нәтижесін байқатуда. Бұл бизнестегі болжамдары түгелімен бұзады. Ол жақсы емес. Екінші жағынан, көптеген Ресей банктері, мемлекеттік компаниялар бұрын батыстан капитал алып келсе, енді қаржы жетіспеушілігі анық байқалуда. Өздеріңіз қараңыз, жарты жылдық қорытындысы бойынша, Ресейде өндіріс өсімі 0,5 пайызды ғана құрады. Екінші жағынан, девальвацияға әкелуі мүмкін. Өткен аптада алғаш рет рубльдің долларға шаққандағы құны 39 рубль болды. Бұл айтарлықтай тұрақсыздық туындатады. 

Ал ресейлік тараптың болжамы басқа. Олар санкцияның Қазақстан мен  Ресей әріптестігіне айтарлықтай ықпалы болмайды деп отыр.

Борис Чесноков, Алтай сауда-өнеркәсіп палатасының президенті:

Менің ойымша, айтарлықтай ықпалы болмайды. Әрине, Ресей экономикасында санкция әсері байқалады. Егер санкция тоқтамайтын болса, ықпалы айтарлықтай әсерлі болары сөзсіз. Біз тауар айналым бағытын Азия аймақтарына бұрдық. Болашақта Латын Америкасы да жоспарда. Менің ойымша, сауда экономика саласында Қазақстан мен Ресей арақатынасы қарқын алады. 

Дей тұрғанмен, Кеден одағы аясында топтасқан мемлекеттердің кәсіпкерлері арасында да түйіткілдер бары жасырын емес. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Кентау трансформатор зауыты өнімін Ресейге экспорттай алмай отыр. Оған себеп - Ресейдің ішкі заңдылықтарына сәйкес, арнайы аккредитациядан өтуі шарт. Сондай-ақ, «Хиллкорпорейшн» компаниясы шығаратын мотор майын тек Кеден одағы аясында ғана саудалай алады. Ал шетелге экспорттауға құқықтық-нормативтік құжаттарда бекітілген ережелер кедергі екен.

Осыған орай одақ аумағында қызмет ету бойынша құқықтық-нормативтік құжаттарды жетілдіру мәселесіне баса назар аударылды.

Жеңісбек Дулатов, Оңтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлердің аймақтық палатасының директоры:

Кезінде үкімет кәсіпкерлерден сұрамаған. Енді өзгерістер енуін талап етіп отыр. Тауарларын сата алмай отыр. Ол кәсіпорындар үкіметтің қаржысына салынған. Қазір олар тоқтап тұр.

«Аталған шара Ресей және Қазақстан компанияларының байланысын одан әрі бекітіп, сауда мен инвестициядағы ара қатынасын тереңдете түсуге мүмкіндік береді», - дейді тараптар. Ал ертең қос ел президентінің қатысымен кеңейтілген пленарлық кеңес өтеді деп күтілуде.

Базаркүл ІЗІМОВА