Русский Сайттың толық нұсқасы

ЕАЭО аясында бірегей энергетикалық жүйе қалыптастыруда үш тараптың да мүдделері ескеріледі

  • AstanaTV
  • 30 қыркүйек 2014
  • 1272

Еуразиялық экономикалық одақ аясында бірегей энергетикалық жүйе қалыптастыруда барлық үш тараптың да мүдделері ескеріледі. Бұл туралы бүгін энергетика және инфрақұрылым жөніндегі Еуразиялық экономикалық комиссияның алқа мүшесі Даниал Ахметов біздің арна тілшілерінің сұрағына берген жауабында айтты. Еуразиялық одаққа мүше үш мемлекетке ортақ энергетикалық нарық құру тұжырымдамасын жасау қолға алынған болатын.

Одақ аясында бірегей энергетикалық жүйе қалыптастыру 2019-жылға жоспарланып отыр. Бұл құжат 2015-жылдың ортасына қарай Қазақстан, Ресей және Белоруссия президенттерінің мақұлдауына жіберіледі. Даниал Ахметовтің пайымынша, аталған тұжырымдама әлемдік дамыған елдердің тәжірибесіне сүйеніп жасалады. Тиісінше әр мемлекеттің өзіндік ерекшеліктері мен  мүдделері де ескерусіз қалмайды. Себебі, кеңестік жүйенің шекпенінен шыққан үш мемлекеттің энергетиканы игеру технологиялары өте ұқсас.

Кейбір шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары жаңа энергожүйе қалыптастыруда Ресейдің стандарттары негізге алынады деп хабарлаған еді. Ал Даниал Ахметов бұл ақпаратты растамады.

Даниал Ахметов, Еуразиялық экономикалық комиссияның энергетика және инфрақұрылым жөнінідегі алқа мүшесі:

Бірегей энергетикалық орта қалыптастыруда біреудің стандарттарына сүйену керек дегенді қолдамаймын. Біз бұл жолды таңдамаймыз. Тек өз мемлекетіміздің мүдделері ескерілетін жағын аламыз. Әрине, бағдарлама барысында әлемнің дамыған мемлекеттерінің тәжірибесіне сүйену керек. Бастысы - сенімді энергетикалық кешен жасау міндеті тұр.    

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ