Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда жалпы қалалық сейсмикалық оқу-жаттығу өтті

  • AstanaTV
  • 30 қыркүйек 2014
  • 1583

Алматы билігі жойқын жер сілкінісі бола қалған жағдайда халықтың тек 1 пайызын ғана уақытша баспанамен қамтамасыз ете алады. Яғни бір мезетте 12 мың адамды арнайы шатырларға орналастыру мүмкіндігі бар. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен жалпы қалалық сейсмикалық оқу-жаттығу барысында белгілі болды.

Сондай-ақ, бүгін алғаш рет халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жаңа технологиялар таныстырылды. Атап айтарлығы, көп қабатты тұрғын үйлердің кіреберісіне мынадай қондырғылар орнату ұсынылды. Зілзала кезінде құрылғы үй тұрғындарына жедел ескерту жасайды. Жоба авторлары оның тұрғындар үшін ақылы болатынын айтады. Дәстүрлі жаттығуға азаматтық қорғаныстың 150-ден астам әскері мен 32 арнайы техникасы тартылған.

Нұрлан Мадияров, Алматы қалалық Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті басшысының орынбасары:

Дәл қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті жер сілкінісі кезінде қауіпсіздікті сақтау жүйелерін дамытуды қолға алды. Соның ішінде Алматы және Астана қалаларында осындай жаңа технологиялар пайдаланылып жатыр. Соның бірін біз бүгін тексеруден өткізіп, Алматыдағы көп қабатты үйлерге орналастыруды жоспарлап отырмыз. Дабыл жүйесі тиімді болады деп сенеміз.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ