Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтауда балабақшадан 6 жасар бала жоғалып кетті

  • AstanaTV
  • 01 қазан 2014
  • 1349

Ақтауда балабақшадан 6 жасар бала жоғалып кетті. Түс кезінде тәрбиеші барлық балаларды сыртқа шығарады. Сосын балаларды топқа жинай бастағанда Иван Бурматовтың жоқ екенін байқайды. Ол - күзетшінің жанындағы бақшадан, ашық тұрған кішкене қақпа арқылы қашып кеткен. 6 жасар бүлдіршінді бір жарым сағат бойы іздеді. Алдымен бақшаға іргелес орналасқан балалар алаңдарынан іздеп, өткен-кеткендерден сұрастырады. Солардың бірі 4-ші шағын ауданынан ұқсас бүлдіршінді көргенін айтады. Ол жер балабақшадан шамамен, бір километрдей жерде орналасқан.

Абырой болғанда, бала табылып, ата-анасына тапсырылды. Иванның отбасы әлі құқық қорғау органдарына шағымданбапты. Алайда тәрбиеші полицейлерге түсініктеме жазып берді. Оған қоса, іспен қалалық прокуратура да айналысып жатыр. Олар балабақша басшылығынан да жауап алуда. Қасынан өткен баланы байқамаған күзетші де жауаптан құтылмады.

Тәрбиелеушінің айтуынша, дуалдың кішкене қақпасы жабық тұруы тиіс. Ал күзетшіні ауыстыру туралы шешім шығарылып қойыпты.

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ