Русский Сайттың толық нұсқасы

Таэквандо өнерін қазақ топырағына алғаш әкелген Мұстафа Өзтүріктің туғанына биыл 60 жыл

  • AstanaTV
  • 30 қыркүйек 2014
  • 1680

Қазақ даласына таэквандо өнерінің алғаш қазығын қаққан Мұстафа Өзтүрік өз деңгейінде ұлықталмай отыр. «Ал оның бейнесін есте қалдыратын ескерткіш «мазақтың» нышанына айналған», - дейді замандастары. Қырықтың қырқасына шықпай жатып бақилық болған спортшының биыл кезекті мерейтойы. Егер көзі тірі болғанда, қараша айында 60 жасын тойлауы тиіс аптал азаматтың есімі отандық спорт тарихында қалай құрметтеліп жатыр? Айтулы шараға дайындық қай деңгейде? Ришат Асқарбекұлы тарқатып айтады.

Алматыдан таяқ тастам жердегі Бесағаш ауылында Мұстафа Өзтүрікке арналған ескерткіш барын білетіндер некен-саяқ. Есесіне, осыдан 10 жыл бұрын елеусіз жерден бой көтерген бұл тас мүсінді «ергежейлі» деп әжуалайтындар бар. Сондықтан, мазақтың нышанына айналған тұлғаның бейнесін өзгерткен жөн. Бұл мәселені өзтүріктанушы Берік Әдиев көптен бері көтеріп келеді. Тиісті мекемелерге хат жолдадым. Даңқты спортшының беделі үшін кірмеген жерім жоқ, дейді.

Берік Әдиев, М.Өзтүрік орталығының қызметкері:

Енді ескерткішті өздерің көріп тұрсыңдар, кішкентай. Қуыршақ сияқты боп қалған. 60 жылдық мерейтойына келе жатқан Түркиядан азаматтар келеді. Қызы, баласы, қонақтар келеді. Гүлшоқтарын қоятын болады.

Кореяның ежелгі жекпе-жек өнерін қазақ топырағына алғаш әкелген Мұстафа Өзтүріктің туғанына биыл 60 жыл. Енді екі айдан соң атап өтілетін мерейтой қарсаңында осы олқылықтың орны тола ма?! Тек қалалық Таэквондо федерациясы «еңсесі түскен» ескерткішті қайтадан қашаймыз дегендей сыңай танытты.

Серік Абдуллаев, Алматы қалалық Таэквандо федерациясының президенті:

Мен жақында Бесағаш елді мекеніндегі ескерткішті өз көзіммен көріп қайттым. Қазір оны қайта жобалау шараларына кірістік. Енді екі аптадан соң оның эскиздік жобасы дайын болады. Сосын еңселі ескерткіш өз орнын табады деген үміттеміз. Сол сияқты Алматы қаласында да мерейтой қарсаңында жаңа ескерткіш ашылуы мүмкін.

Мұстафа Өзтүрікті ұлықтау тас мүсінге тіреліп тұрған жоқ. Онсыз да оның есімі ел спортының тарихында ерекше аталады. Қандасымыздың алаш жерінде ашып берген таэквондо мектебінен 12 мың жасөспірім қанаттанып ұшқан. Десе де, шығыс жекпе-жегінен өткен 20 жылда бірде-бір олимпиада чемпионы шықпаған. Сондықтан, спорт түрін жандандыру үшін, Алматыда ауқымды оқу-жаттығу кешені салынбақшы.

Қайрат Қырғызбаев, М.Өзтүріктің шәкірті:

Қазақстанда Мұстафа Өзтүрік атындағы орталық жұмыс істеп тұр. Тек Алматыда 40-50 таэквандо мектебі бар. Алматы қаласынан ұлттық құрамаға кіретін балалар көптеп шығып жатыр. Сондықтан, оларды көтеру керек.

Мұстафа Өзтүрік әйгілі қылқалам шебері әрі Ұлттық таэквандо федерациясын құрушы Бейсейіт Түлкиевпен түйедей құрдас. Шығыс жекпе жегінің қос шынары өмірде дос болды. Бірақ, екеуі де өмір көшінен ерте озған. Сондықтан, артында қалған шәкірттері спортшылардың 60 жылдық мерейтойларын бір дәрежеде атап өтудің қамына кірісіп кеткен.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ