Русский Сайттың толық нұсқасы

Сенат депутаттары сайлауы өтіп жатыр

  • AstanaTV
  • 01 қазан 2014
  • 2100

Бүгін  Парламент Сенатына депутаттар сайлау науқанының бірінші күні. Дауыс беру пункттері барлық 16 өңірде таңертеңгі сағат онда ашылды.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, бүгінгі сайлау барысында заң нормаларын бұзу фактілері тіркелмеген. Кейбір өңірлерде топ жарған үміткерлердің есімі жарияланып та үлгерді. Сайлауға байқаушы ретінде қатысып жатқан шет мемлекеттердің және халықаралық ұйымдардың өкілдері саяси науқанның тиісті деңгейде өтіп жатқанын айтуда. Тіпті, қазақстандық шарадан тәжірибе алатын тұстардың барын да жасырмады. Жұрағат Баман тарқатады.

Парламент Сенаты депутаттарын сайлау науқанының бірінші күні сәтті аяқталды. Сайлау комиссиясы осындай баға беріп отыр. «Заңнамалық нормалар қатаң қадағаланып, сайлау тыныш, іскер жағдайда өтті», - дейді ресми орган өкілдері.

Марат Сәрсембаев, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:

Сайлау заңнамасының нормаларын бұзу фактісі тіркелген жоқ. Бүгін орталық сайлау комиссиясына, сондай-ақ, облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссияларына сайлау процесіне қатысушылардан, азаматтар мен ұйымдардан шағымдар мен өтініштер келіп түскен жоқ.

Сайлаудың алғашқы күні-ақ депутаттыққа үміткерлер арасынан жеңімпаздар анықталып үлгерді. Алматы қалалық сайлау комиссиясының мәліметінше, қалалық мәслихат депутаттары үш үміткердің ішінен Төлеубек Мұқашевты Сенат депутаттығына лайық деп таныған. Жабық дауыс беру үрдісі бойынша өткен сайлаудың қортындысында кандидатты 34 сайлаушының 30-ы қолдаған. Қалған екі үміткер тек екі дауыспен шектелді. Сайлаудың заңдылығын ТМД елдерінен келген ондаған байқаушы қадағалады.

Айдын Жафаров, ТМД елдері Парламентаралық Ассамблеясы кеңесі бас хатшысының орынбасары /Әзірбайжан/:

Бүгін біздің миссиядан Молдова, Әзірбайжан және парламентаралық хатшылық өкілдері сайлауды байқады. Алматы қалалық сайлау комиссиясының жұмысына куә болдық. Сайлаудың жариялы, әрі тыңғылықты дайындықпен өткенін көріп тұрмыз. Барлық үміткерлер арасынан озып шыққан азаматтың жеңісін мойындауға болады.

Ал Павлодарда Сенат депутаты болуға үш үміткер таласты. Айта кету керек, кандидаттардың үшеуі де әр саладан. Бірі - медицина қызметкері, екіншісі - әлеуметтік жұмыскер болса, үшінші кандидат - облыстық мәслихаттың депутаты.

Павлодар қалалық сайлау комиссиясының мәліметінше, әу баста бұл науқанға бес үміткер ниет білдірген. Алайда үгіт-насихат науқаны барысында екеуі өз еріктерімен додадан бас тартқан. Ал бүгін дауыс беруге түрлі деңгейдегі мәслихаттардың 205 депутаты қатысты. Сондай-ақ, Ресейдің Новосібір қаласынан келген эксперттер саяси науқан барысын қадағалады.

Ольга Благо, ТМД миссиясының байқаушысы, Новосібір қаласы:

Бүгін біз дауыс берудің алғашқы кезеңін байқаудамыз. Бұл жұмыстың қалай ұйымдастырылғанын көрдік. Ойланатын тұстар да баршылық, талқылайтын жағдайлар да жоқ емес. Шынын айтсам, кейбір тетіктерді өз тәжрибемізге алуға болатын сияқты. Өйткені, Ресейде сайлаушылар институты деген түсінік жоқ.

Таразда да Сенат депутаттарын сайлау жұмысы өз деңгейінде өтті. Сайлауға түскен үш үміткердің арасынан Жамбыл облысы әкімінің орынбасары, 57 жастағы Мұратбай Жолдасбаев 89,5 пайыз дауыс жинап, басым түсті. Дауыс беруге мәслихаттардың 200 депутаты қатысты. Ал Қырғызстаннан келген 4 бірдей халықаралық байқаушы сайлау «демократиялық негізде өтті» деген баға берді.

Эркин Әбдіқадіров, ТМД бойынша халықаралық байқаушы /Қырғызстан/:

Кеше кешкісін келе салып, демалып алдық. Артынша бірден сайлау орнына келіп талаптары мен құпиялығы және сайлау бойынша күзеттерін тексердік. Қазақстанның ұлттық заңнамасы бойынша және Орталық сайлау комиссиясымен үміткерлердің әділ өтуі үшін барлық жағдай жасалған. Сенат сайлауы өте тыныш та, бейбіт болды. Барлық сайлаушылар белсенділік көрсетті. Конструктивті түрде, демократиялы негізде болды. Қысқасы, халықаралық талаптарға сай.

Сенат сайлауының қортындылары 7 күннен кейін белгілі болмақ. Еске салайық, биылғы сайлау науқанына қатысуға 39 үміткер тіркелген. Сайлау барысын 166 байқаушы қадағалауда. Олар шет мемлекеттердің және халықаралық ұйымдардың өкілдері. Парламенттің Жоғарғы палатасы 47 депутаттан тұрады. Олардың 32-сі барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарымен сайланады. Еліміздің әрбір 14 өңірі мен республикалық маңызы бар ірі екі қаласынан сенатқа 2 депутаттан ғана сайланады. Қалған 15 сенаторды Президент тағайындайды.

Жұрағат БАМАН