Русский Сайттың толық нұсқасы

«KEGOK» компаниясының акциялары «Халықтық IPO» бағдарламасы бойынша сатылымға шығады

  • AstanaTV
  • 01 қазан 2014
  • 2467

«KEGOK» компаниясының акциялары келесі айда «Халықтық IPO» бағдарламасы бойынша сатылымға шығады. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының басшылығы бүгін ресми түрде мәлімдеді. Құнды қағаздар нарығына компанияның 10 пайыз акциясы шығарылады. Оны кез келген Қазақстан азаматы сатып ала алады. Әзірге бір акция бағасының қанша болатыны белгісіз.

Мәселен, екі жыл бұрын «Халықтық IPO»-ға  шыққан «Қазтрансойл» компаниясының акциясы 735 теңгеге сатылған. Оны 33 мың адам иеленіпті. Оларға 25 пайыз дивиденд төленді. Қазір «Казтрансойл»-дың акциялары 1009 теңге тұрады. 2012 жылы қор биржасында елдің батыс аймағы аса белсенділік танытқан. Сатылымға шыққан құнды қағаздың 14 пайызын ақтөбеліктер алған. Енді «KEGOK» акцияларын сатып алуға тұрғындарды жаппай тарту үшін, қызу жарнама басталады. Оған брокерлер мен қаржылық кеңесшілер жалданған.

Елена Бахмутова, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

14 қарашадан бастап 70 ашық дәріс пен еңбек ұжымдарында 400 презентация өткізіледі. Негізінен, облыс орталықтарында, қалаларда үгіттеудің жылжымалы пункттері мен брендтелген автобустар жіберіледі.

«KEGOK» - Қазақстандағы электр жүйелерін басқаратын ең ірі желілік оператор. Компания басшылығы инвестициялық табыс тұрақты болады деп сендірді. Айта кетейік, негізі, ұлттық компания «Халықтық IPO»-ға былтыр шығуы тиіс-тін. Бірақ, заң жүзінде қайшылықтар туындаған. Стратегиялық маңызды нысан ретінде акцияларын сатуға рұқсат етілмеген. Бір жыл ішінде бұл кедергілер реттеліпті. Қазір «KEGOK» стратегиялық маңызды нысандар қатырында жоқ.

Бақытжан Қажиев, «KEGOK» АҚ басқарма төрағасы:

Жаңадан заң қабылданды. Энергетика заңы бойынша бізге 10 пайыз акцияны приватизацияға шығаруға мүмкіндік берілді. Екіншіден, Елбасының өкімі шықты. Бізді стратегиялық объектілерден алып тастады.

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ