Русский Сайттың толық нұсқасы

БҚО-да АИ-92 қалай АИ-93-ке айналып кетті?

  • AstanaTV
  • 01 қазан 2014
  • 1243

Батыс Қазақстан облысындағы алыс ауылдарда бензин үкімет белгілеген бағадан қымбатқа сатылып жатыр. Экономика министрі бекіткен баға бойынша, АИ-92 маркалы жанар майдың литрі 128 теңге. Ал өңірдегі май құю станцияларының бірі оның маркасын АИ-93 деп көрсетіп, 145 теңгеден саудаға қойған. Алайда заңсыз әрекетке монополияға қарсы агенттіктің облыстағы өкілдерінің тісі батпай отыр. Өйткені кәсіпкерлік нысандарын тексеруге жарияланған мораторий құзырлы мекеменің қолын байлаған.

Табиғи монополияларды реттеу агентігінің облыстағы бөлім басшысының дерегінше "Әлім" май құю бекетінің АИ-92 бензинін қымбат бағамен сатқаны туралы дерек осыған дейін Теректі, Жәнібек, Бөкей Ордасы мен Қазталов аудандарында тіркелді. Бірақ 200 АЕК мөлшерінде салынған айыппұлға қыңқ етпеген кәсіпорын заңға қайшы әрекетін әлі доғарар емес. Мамандар мұндай заң бұзушылықты көрген азаматтар құйылған бензинге берілер түбіртек пен стансадағы баға көрсетілген таблоны суретке түсіріп, Табиғи монополияларды реттеу департаментіне тапсыруы керектігін айтады. Бірақ мұндай шағымдарды  тексеру үшін Бас прокуратураның рұқсаты керек. Тек содан кейін ғана заң бұзған мекемеге тиісті шара қолданылады.

Оралбек Құлмырзин, ҚР табиғи монополияларды реттеу агенттігінің БҚОД бөлім басшысы:

Бүгінгі таңда бізге түскен мәліметтер бойынша "Әлім" ЖШС болды. Олар жанар-жағармайды көршілес Ресей еліндегі бағаның өсуімен түсіндіреді. Оларды жоғары бағамен сатып әкеледі де, мыннан жаңағы біздің қойған бағамен сату қиын деп отыр.

Еркін ҚАРИН