Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда жылыту маусымының басталуына орай әкімдікте жиын өтті

  • AstanaTV
  • 02 қазан 2014
  • 1212

«Қапшағай су электростанциясын жекешелендіруге болмайды. Бұл бірінші кезекте, Алматы шаһарындағы электр қуатының бағасына кері әсер етеді». Бұл туралы қала басшысы Ахметжан Есімов әкімдіктің жиынында айтты.

Алматы облысы аумағындағы «Қапшағай су қоймасында қуат көздерін ұлғайту үшін Қытайдан бастау алатын Іле өзенінің ағысын мемлекет деңгейінде реттеу керек», - дейді әкім.

Ахметжан Есімов, Алматы қаласының әкімі:

Мен үкімет басшысының атына Қапшағай су электростанциясын жекеменшікке беруге болмайтынын айтып, хат жолдадым. Бәзбіреулер жекенің қолына беріп, қыруар табыс табуға болатынын айтып жүр. Алматы қаласының әкімдігі бұл ұсынысқа қарсы. Себебі, қала тұрғындары үшін электр қуаты тарифінің көтерілу қаупі бар.

Ал жылыту маусымы қалада 15 қазанда басталады. Коммуналдық қызмет өкілдері, шаһар кезекті жылыту маусымына толықтай дайын, - дейді. Алайда, әртүрлі жағдайға әзір болған жөн. Себебі, қалада тозығы жеткен жылу құбырларының мәселесі түбегейлі шешілмеген. Құбырлар күн суытқан шақта кез-келген жерден жарылуы мүмкін, - деді қала әкімі.

Алматыда күрделі жөндеуден өтуі тиіс жылу желілерінің мөлшері 63 пайыздан асады. Биылдың өзінде бюджеттен жылу магистралдарын жаңғыртуға 7 млрд теңге жұмсалған.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ