Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда балабақша күзетшісі есірткі сатумен айналысқан

  • AstanaTV
  • 02 қазан 2014
  • 1453

Оралдағы «Балақай» балалар бақшасының күзетшісі есірткі саудалағаны үшін айыпталды.

Қалалық соттың дерегінше, жұмыс орнын базарға айналдырып, есірткі саудалаған күзетшіні тәртіп сақшылары қызмет орнында қолға түсіріпті. Бұл аздай, балабақшаның асханасын тексерген кезде ас дайындайтын үстелден марихуана салынған сіріңке қорабы да табылып, тәркіленген деп отыр.

Кейін анықтай келгенде, балабақша күзетшісінің өзі де есірткі қолданатыны мәлім болған. Бірақ ол наркологиялық есепке алынбаған, әрі бұған дейін қылмыс жасамапты. Дегенмен, сот күзетшіні Қылмыстық Кодестің 259-бабы бойынша, есірткі затын заңсыз сақтап, сатқаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырды. Оның дүние-мүлкі де тәркіленбек.

Айта кетейік, айыпты балабақшада өткен жылдың қараша айында жұмысқа қабылданған.

Найля Жүнісова, Орал қалалық сотының судьясы:

Сот бұл санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мен балалардың құқы бұзылғанынан анықтады. Өйткені, балабақшаның ас дайындайтын бөлмесінде есірткінің сатылуы - ақылға сыйымсыз нәрсе. Сондықтан, сот облыстық және қалалық білім басқармалары басшыларының атына шара қолдану туралы жеке қаулы шығарды.

Еркін ҚАРИН