Русский Сайттың толық нұсқасы

Парламент Сенатының жаңа 16 депутаты таңдалды

  • AstanaTV
  • 02 қазан 2014
  • 1104

Парламент Сенатының жаңа 16 депутаты таңдалды. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының жиынында жарияланды.

Дауыс беру науқанына 3279 таңдаушының 3236-сы, яғни 98,7 пайызы қатысқан. Шетелдік байқаушылар мен Орталық сайлау комиссиясының ортақ шешімімен сайлау науқанына нүкте қойылды.

Қуандық Тұрғанқұлов, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

Парламент Сенаты депутаттарының кезекті сайлауы өтті. Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына сәйкес Парламент Сенатының 16 депутаты, яғни әр облыстан және Астана мен Алматы қалаларынан бір-бір депутаттан сайланды.

Еске салайық, биылғы сайлау науқанына қатысуға 39 үміткер тіркелген болатын. Олардың 16-сын барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары сайлады. Еліміздің әрбір 14 өңірі мен республикалық маңызы бар ірі екі қаласынан Сенатқа әр үш жылда 1 депутаттан ғана сайланады. Қазіргі таңда 2011 жылы сайланған сенаторлар өз қызметтерін әлі де жалғастыруда. Парламенттің Жоғарғы Палатасы 47 депутаттан тұрады. Қалған 15 сенаторды Президент тағайындайды.

Биылғы сайлау барысын 387 қазақстандық және халықаралық ұйымдардың байқаушылары қадағалады. Оның ішінде ТМД елдерінен және Шанхай ынтымақтастық ұйымынан келген байқаушылар сайлау заңнамаларының орындалуын жіті қадағалаған.

Карин Штренц, Германия бундестагының депутаты:

Сайлау науқанына байқаушы ретінде биыл міне, үшінші рет қатысып отырмын. Қазақстандағы сайлау процесі ашық, әрі әділ өтуде. Оған менің әріптестерім де куә. Ешқандай ескертулер, қателіктер болған жоқ. Германиямен салыстыратын болсақ, айырмашылық жоқ, ұқсас өтіп жатыр деп айтар едім.

Жұрағат БАМАН