Русский Сайттың толық нұсқасы

АҚШ: Ресей мен Қытай бірлесіп, әлемдегі бейбітшілікке қауіп төндіруі мүмкін

  • AstanaTV
  • 02 қазан 2014
  • 1715

Ресми Мәскеу мен Пекин Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бекітілген әлемдік тәртіпті қайта қарамақ. Мұндай мәлімдемені АҚШ қорғаныс министрінің орынбасары Роберт Ворк халықаралық қатынастар жөніндегі кеңес отырысында жасады.

Сондықтан да Вашингтонға бұл екі ірі державамен алдағы қарым-қатынасын қалай жүргізу керектігін айқындау қажет. Ворк Американың әскери әрекеттермен де жауап бере алатынын білдірді. Ресей мен Американың қарым-қатынасы соңғы кезде Украинадағы жағдайға байланысты ушығып кеткені белгілі.

Ал Ресейге қарсы қолданылған экономикалық санкциялар жағдайды тіптен қиындатты. АҚШ Қытай мен Ресей арасындағы 400 миллиард долларлық келісімге әкелген ынтымақтастыққа алаңдап отыр. Осы саяси оқиғалар аясында барак Обама қараша айының басында Қытайға шұғыл іс-сапармен баруды көздеп қойған.

Роберт Ворк, АҚШ қорғаныс министрінің орынбасары:

Қытай мен Ресей шекараларындағы қауіпсіздікті күшейтіп жатыр. Бізге, яғни Америкаға бұл жағдайды назардан тыс қалдыруға болмайды. Және олардың қай аудандарын маңызды деп санайтынын анықтауымыз керек. Вашингтонға Пекин мен Мәскеудің әрекеті бірлесіп, күш қолдануға әкелмейтініне және бізге де қарулы жауап берудің қажеті жоқтығына көз жеткізу керек.

Айгүл ӘДЕПБАЙ