Русский Сайттың толық нұсқасы

Келесі жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы орта есеппен 15-29 пайызға өседі

  • AstanaTV
  • 02 қазан 2014
  • 1417

Келесі жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы орта есеппен 15-29 пайызға өседі. Бұл туралы бүгін  Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің төрағалығымен өткен кеңейтілген алқа отырысында айтылды. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің ішкі бақылау департаменті директоры Гүлнәр Әлімбекова: "Бүгінде 14-17 жыл еңбек өтілі бар жоғары санатты мұғалімдердің жалақысы 81 мың теңге. 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап, бұл жалақы 109 мың теңге болады", - деді. Сондай-ақ, Департамент директоры ауыл мектептерінде жұмыс істейтін мұғалімдердің жалақысында өсім пайызы жоғары болатынын атап өтті. Ал Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов ынталандыруды арттыру үшін үстемақы жүйесі енгізілгенін айтты.

Аслан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі:

Біз жыл сайын 40 миллиардқа жуық теңгені трансфертпен береміз. Бұл аз ақша емес.  Мұндағы айта кететін жәйт,  барлық қызметкердің жалақысы бірдей көтерілмейді, себебі ол  инфляцияға алып келуі мүмкін. Жалақыны арттырғанда, біліктілікке мән беріледі. Және мұғалімдер жалақысын көтеру мәселесін біз Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігімен, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қарастырамыз. Президенттің тапсырмасы бойынша келесі жылдан бастап, барлық ұстаздардың айлығы өседі, оған қаржы бөлінген.

Отырыста сөз алғандар, педагогтардың мәртебесін көтеру, кәсіби дәрежесін арттыру және бала тәрбиелеудегі рөлін күшейту туралы ойларымен бөлісті. "Педагог қызметіне тек магистрлік білімі барларды қабылдау керек. Және Ұлттық бірыңғай тесттің шектік балын өсіру керек" деген де ұсыныстар айтылды. "Ұстаз тек білім беріп қана қоймай, оны пайдалануды үйретуі керек",- деді Сәрінжіпов. Министр жиын соңында білім саласындағыларды алдағы Мұғалімдер күнімен құттықтап, үздік ұстаздарды "Ыбырай Алтынсарин" төсбелгісімен марапаттады.

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ