Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда 25 жастағы Айдана Досқалиеваның өліміне айыпталған күдіктіні қамауға алуға санкция берілді

  • AstanaTV
  • 02 қазан 2014
  • 1277

Оралда 25 жастағы Айдана Досқалиеваны өлтірді деген күдікпен ұсталған Бекболат Хасанғалиев екі айға қамалды. Бұл туралы Орал қалалық соты хабарлады. Тергеушілер "егер күдікті бостандықта жүрсе, куәлерді қорқытып, тергеу ісіне кедергі жасауы немесе бой тасалауы мүмкін" дегенді алға тартқан. Дегенмен, күдікті өз кінәсін мойындамаған. Ал оның қорғаушысы нақты айғақтың жоқтығын, әрі Бекболат Хасанғалиевтің кәмелет жасына толмаған үш баласы барын алға тартты. Сот отырысына қатысқан күдіктінің әкесі Мырзахмет Хасанғалиев сол күні баласының қасында болғанын айтады. Осыған дейін 7 жыл түрмеде отырып шыққан ұлының жазықсыз екендігін айтқан әке, егер оның қылмыскер екені расталса, қандай ауыр жазаға да қарсы еместігін жеткізді.

Мырзахмет Хасанғалиев, күдіктінің әкесі:

Егер менің балам кінәлі болса, атып тастаса да ризамын. Мен оған жүзі жанбайтын адаммын. Себебі мен әкемін, ол да менің қызымдай қыз. Олай жасаған болса, онда оның жазасы - өлім. Басқалай кешірім онда болмауы керек. Мен ана қыздың ата-аналарынан да сұраймын. Бүтін интернеттегі, бүтін мына телевизорда айтылып жатқан милициялардың әңгімесінің бәрі өтірік.

Полицейлер осыған дейін Айдана Досқалиеваны өлтірерден бұрын зорлады  деген жорамал айтқан. Алайда қалалық сотта хабарланғандай, Бекболат Хасанғалиев тек адам өлтіргені үшін айыпталып, қылмыстық іс қозғалған. Прокурордың дерегінше, ол құрбанды су жағасына апарып, кейін арам ойына қыз қарсылық танытқасын, ұрып-соғып, суға батырып өлтірген. Осы деректерді алға тосқан прокурор мен тергеушінің күдіктіні қамауға алу туралы өтінішін сот қанағаттандырды.

Мағира Қитарова, Орал қалалық сотының судьясы:

ҚР ҚК 96-бабы, 1-бөлімімен айыпталған Хасанғалиев Бекболат Мырзахметовичке қатысты қамауға алу, бұлтартпау шарасының мерзімі екі айға, яғни 22 қараша, 2014 жылға дейін санкциялансын. Қаулыға үш тәулік ішінде Орал қалалық соты арқылы БҚО сотының апелляциялық алқасына шағым немесе наразылық беруге құқылы екендігі түсіндіріледі.

Бұрын хабарлағанымыздай, Айдана Досқалиева 13 тамызда жоғалды. Сол күні Айдана қаладағы жұмысынан шығып, өзі тұратын Щапов ауылына жол тартқан. Оны соңғы рет ақ түсті "Жигули" көлігінде екі ер адаммен бірге отырғанын інісі көрген. Содан бері Айданадан хабар болмады. Ал 20 қыркүйекте жоғалған қыздың мәйітін ауыл маңындағы өзен түбінен жергілікті тұрғындар тапты.

Еркін ҚАРИН