Русский Сайттың толық нұсқасы

Ресми Бейжің: Гонконг шиелінісі - Қытайдың ішкі шаруасы

  • AstanaTV
  • 03 қазан 2014
  • 1136

Гонконг шиелінісі - Қытайдың ішкі шаруасы. Елдің сыртқы істер министрлігі Құрама Штаттардың аралдағы тәртіпсіздікті бейбіт жолмен шешу керек деген кеңесіне дәл осындай жауап қатты. Аспан асты елінің сыртқы ведомство басшысы Джон Керриге Бейжің елдің ішкі шаруасына бөтен елдің араласуына жол бермейтінін ашық айтты. Жақында Қытай билігі әскерилер мен арнайы жасақтардың көмегінен көпшілік алдында бас тартты. Ал өз кезегінде Гонконкте банктер, дүкендер мен мектептер әлі күнге дейін жабық. Азаматтар таңертен алаңға шығу үшін ашық аспан астында түнеуде. Сянган тұрғындарының басты талабы - не және бұл жағдай не себепті АҚШ-ты алаңдатады?

Гонкогтың мыңдаған тұрғындары осы алаңда түнеуде. Баспасөз бұл наразылыққа «қолшатырлар көтерілісі» деген атау берді. Қолшатырдың көмегімен көпшілік жасауратқыш газдан қорғануда. Жиылған халық 2017 жылы өтетін жергілікті билік сайлауының еркін өтуін талап етуде. Ал басшылықты әзірге Орталық Қытай билігі тағайындауда. Қытай билігі көптің талабын жартылай орындады да. Бірақ наразы топ тарқар емес.

Нейт Янг:

Мен жағдай қантөгіске дейін жетеді деп ойламаймын. Егер де қажет болса, мен бұл алаңға күнде келуге әзірмін. Гонконг - ірі қаржы орталығы, сол себепті бұдан жақсы жағдай талап етуге құқылы.

Гонконгтің жайы АҚШ-ты да алаңдатып отырған сыңайлы. Барак Обама: «АҚШ билік пен наразы көпшілік арасындағы талас бейбіт түрде шешілеріне сенеді» деп, мәлімдеп үлгерді. Ал Қытай халық республикасының сыртқы істер министрі ресми Вашингтонға: «Келіспеушілік тек Қытайға қатысты», - деп, жауап берді.

Ван И, Қытай сыртқы істер министрі:

Қытай үкіметі бұл мәселеге қатысты өз ұстанымын ашық айтты. Гонконг ісі - тек Қытайдың шаруасы. Ол жердегі жағдай - заңсыздық. Менің ойымша, дәл осындай тәсілмен қоғамдық тәртіпті бұзуға ешбір ел жол бермейді.

Аралдағы қазіргі жағдай әлі күнге күрмеуі шешілмей отырған Украина сценарийіне ұқсас. Қытай майданы. Дәл сондай уәде, демократия жайындағы жалынды сөздер, дәл сондай акция. Әзірге бейбіт акция. Бейжің тек бір рет жасауратқыш газ бен резина оқ қолданды.

Сонымен, болып жатқан мәселелер не себепті АҚШ-ты алаңдатуда? Сауалдың жауабын үлкен саясаттан іздеу заңды тәрізді. Украина шиеленісі, Мәскеуге қарсы санкциялар, Ресей Федерациясы мен Қытай арасындағы жасалып жатқан миллиардтаған газ саудасы және Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымының Саммиті. Бұның барлығы одақтастардың көп жылдық қарым-қатынасты нығайтып жатқандығын білдірсе керек. Бұған Ақ үйдің де көзі жетіп отыр. Енді Құрама Штаттар қорғаныс министрінің орынбасары Роберт Ворктың не себепті «Ресей мен Қытай екінші дүниежүзілік соғыстан кейін орнаған әлемдік тәртіпті өзгертуді қарастыруда» деп, мәлімдегені белгілі. Вашингтон қос алыпқа қарсы қимылды ойластыру керек, дейді ол. Вице-министр АҚШ күш қолдануы мүмкін дегенді де ишаралады.

Роберт Ворк, АҚШ қорғаныс министрінің орынбасары:

Қытай мен Ресей өз шекараларын күшейтіп жатқаны белгілі. Олар өздеріне қай аймақтарды өмірлік маңызды деп есептейді. Бұл АҚШ-ты, жалпы бізді толғандыруы тиіс мәселе.

Қытай майданының немен тынары белгісіз. Сарапшылар Бейжің сыртқы күштердің ел ісіне араласуына жол бере қоймас деген ойда. Қытайдың осал мемлекет емес екендігін ескеру қажет. 

Азамат АЛДОҢҒАРОВ