Русский Сайттың толық нұсқасы

Астана қаласындағы 18 балабақшада білім беру стандарттары сақталмаған

  • AstanaTV
  • 02 қазан 2014
  • 1832

Астана қаласындағы 18 балабақшада білім беру стандарттары сақталмаған: тәрбиешілер бүлдіршіндерді дамытатын сабақтарды толықтай өткізбеген. Ал алты балабақшадан жарамдылық мерзімі өтіп кеткен дәрілер тәркіленді. Нөмірі 72-ші және 74-ші мектепке дейінгі мекемелердің медициналық қызметті жүзеге асыратын лицензиясы тіптен болмай шыққан.

Мұндай деректерді қалалық прокуратура келтірді. Олар «Балапан» бағдарламасының жүзеге асырылу барысында заңдылықтардың қалай сақталып жатқанын тексерген. Тексеріс нәтижесінде жоғарыда аталған заң бұзушылықтармен қоса, нөмірі 69-шы балабақшадан жалған штаттық тізім анықталды. Мекеме басшысы балабақшада мүлдем жұмыс істемейтін сегіз адамды штатта көрсетіп, олардың атына жалақы өткізіп отырған. Нәтижесінде мемлекетке 2 млн теңгеге жуық шығын келтірілді. Аталмыш факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Шолпан Көшенова, Астана қаласы прокурорының аға көмекшісі:

Қызмет өкілеттілігін теріс пайдалана отырып, олжа иелену мақсатында меңгеруші ай сайын кезекпен балабақша есепшісі және әдіскеріне осы 8 қызметкердің банк карточкаларын беру арқылы 1980000 теңгені өз пайдасына алып, өз мүддесіне пайдаланған. Тексеріс барысында аталған банк карточкалары меңгерушінің кабинетінен анықталды. 

Дегенмен, прокуратураның құзыреті тек мемлекеттік балабақшаларға жүреді. Мектепке дейінгі жеке меншік мекемелерге аттап баса алмайды. Айтуларынша, шағын бизнесті тексеруге жарияланған мораторий - қолбайлау. Жеке меншік балабақшаларды тек ата-аналардың шағымы негізінде ғана тексеруге қауқарлы.

Айта кетерлігі, прокуратура өкілдері тек белгіленген тақырыпқа қатысты ғана қойылған сұрақтарға жауап берді. Тілшілердің 67-ші мектеп лицейінің оқушысы сыныптасын нақты қандай құралмен өлтірді, тергеу амалдары қалай жүріп жатыр деген сұрақтарынан сырғып өтті. 

Бүгінгі тақырып басқа, сондықтан бұл сұраққа жауап бермейміз.