Русский Сайттың толық нұсқасы

Білім министрлігі 2016 жылдан бастап ұлттық тестті үш кезеңде тапсырту ережесін қабылдауды жоспарлап отыр

  • AstanaTV
  • 02 қазан 2014
  • 808

Ұлттық бірыңғай тестті шәкірттерге үш рет әр жылдары тапсырту - өзге елдердің білім беру жүйесінде қолданылатын тиімді тәсіл. Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов осындай пікірде.

Еске салайық, "Білім беру мәселелері жөніндегі бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" заң жобасына сәйкес, Білім министрлігі  2016 жылдан бастап ұлттық тестті үш кезеңде - бастауыш сыныптан кейін, негізгі мектептің соңғы сыныбында және кәсіби мектепті бітірген соң - тапсырту ережесін қабылдауды жоспарлап отыр. Министрдің ойынша, мұндай аралық тест шәкірттің қабілетін анықтауға мүмкіндік береді. 

Аслан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі:

Бұл халықаралық тәжірибеде бар дүние. Яғни оқушылар бастауыш сыныптан соң және 9-сыныптан соң тест тапсырады. Бұл - баланың әрі қарайғы бағытын анықтау үшін тиімді. Мәселен, ЖОО-на бара ма әлде кәсіби-техникалық білім алуға бағыттала ма?  Бұл тест бізге тек мониторинг үшін керек. Яғни министрлік, жергілікті атқару органдары, ата-ана мен ұстаз мектептің, оның ішінде баланың дейгейін біліп отырады. Бұл әзірге тек ұсыныс қана, жақында Парламент депутаттары қарайды.

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ