Русский Сайттың толық нұсқасы

Ертең Құрбан айт мерекесі басталмақ

  • AstanaTV
  • 03 қазан 2014
  • 6916

Ертең барша мұсылман қауымының тағатсыздана күтіп отырған Құрбан айт мерекесі басталмақ. Ол «ораза айттан» кейін 70 күннен соң келіп, 3 күнге созылады. Бұл күндер Ұлы Меккеге қажылықпен аяқталады. Айт күндері Аллаһқа арнап құрбандық шалынып, алдымен туыс-туғанына, кейін мұқтаж адамдарға құдайдың ризашылығы үшін таратылады. Ал биылғы жылы Арапа күні қасиетті жұмамен тұспа-тұс келіп отыр. Имамдардың айтуынша, бұндай үйлесімділік тек он жылдықтарда бір рет болатын сәйкестік. Жұрағат Баман тарқатады.

Гүлбану апа Арапа күні иіс шығаруға  кірісті. 66 жастағы отанасы үшін  бүгін ерекше күн. Сондықтан ас үйде бүгін өзі қожайын. Бабын келтіріп қамыр илеп, бауырсақ  пісіріп жүр.

Құрбан Айтқа отбасы аса ыждағаттылықпен дайындалады.  Дастархан кеңінен жайылып, бар тәттіні  ортаға  қоюға тырысады. Гүлбану апа Құрбан айтта отбасы мүшелерін түгел бір дастархан басына жиюды үрдіске айналдырыпты. Бес қыз, үш ұлды өсіріп-өндірген батыр ана білгенін үйретуден жалықпайды.

Гүлбану Арзымбаева, көп балалы ана:

Енді мынау Арапа күні өңкей немерелерімді, қыздарымды, келіндерімді шақырып алып, қолымнан келген үрдісті әрі қарай жалғастыру үшін бауырсақ пісіреміз, қазы-қарта пісіреміз. Жұқпа нан дейді қазақша, соны пісіреміз. Сөйтіп құрбан айт күні  ағайын туғандар бәріміз жиналып, үлкен стол басында осы айт мерекесін үлкен мереке ретінде тойлаймыз.

Ал Атырауда сауда қыз-қыз қайнап жатыр. Қаладағы екі мал базарына сыймаған көліктер сыртта тізіліп тұр.  Арафа күні, яғни Құрбан айт мерекесінен бір күн бұрын шектік беру атыраулықтар үшін дәстүрге айналған. Шектік - қайтыс болған адамның жылынан соң үш жыл қатарынан берілетін ас. Сондықтан облыстың малды аудандары мен көршілес Батыс Қазақстанның шаруалары екі күнде  табысқа кенелуді ойлап алақандарын ысқылауда.  Ұсақ тоқтылардың өзі  20 мың теңгеге сатылып жатыр. Ірі ісектерді саудалау үшін, қалтада кем дегенде 50 мың теңге болуы керек.

Дабыл Әмитов, мал  сатушы:

Орал облысынан, Чапаевтан, 25 қой алып келдім. Жақсы өтіп жатыр. Бағасы былтырғының жобасы Тоқтылар - 25, ірі қойлар - 28. Одан асып тұрған жоқпыз.

Құрбан айт мерекесінде  мал сою цехының жұмысы да қызады. Қасапшылар шағын қойды 15 минутта бауыздап береді. Құны екі мың теңге. Оның ішінде ішек- қарынын аршып,  бас-сирағын үйітіп, тазалау тағы бар. 

Шайхым Байзолов, мал сою цехының ауысым басшысы:

Уақ малды 2 мың теңгеге соямыз, ірі мал көлеміне қарай 3-5 мыңның арасы.  Бүгін шектіктің кезі аздау, ертең 9-да таңғы намаздан соң  көбейеді. Жыл сайын солай.

Мал сою демекші, құрбан малды союдың да өз ерекшеліктері бар. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр және түйе малын шалады. Ауру, соқыр мал құрбандыққа шалынбайды. тағы бір ескерерлігі - құрбандық тек айт намазы оқылғаннан кейін шалынады. 

Серікбай қажы Ораз, "Әзірет Сұлтан" мешітінің бас имамы:

Бір күн алды құрбандықты шалып, дайындап қояйын, ертең қонақтарға еті ретінде пісіріп дайындармын деген секілді түсінік - бұл жаңылыс болады. Себебі құрбандық тек ғана айт намазы оқылғаннан кейін шалынған болса, сонда құрбандық болып саналады.

Ертең Астана уақыты бойынша айт намазы таңғы сегіз жарымда оқылады. Яғни осыдан кейін кез-келген уақытта құрбандық шалуға рұқсат. Құрбан айт күні ертерек тұрып, ғұсыл алып, таза киім киіп, хош иісті әтір сеуіп, көшеде жолыққан адамға ашық жүзбен қарау, құрбандық етімен ауыз ашу үшін намаздан алдын ештеңе жемей, намазға бара жатқанда тәкбір айту - хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың сүннеті.

Жұрағат БАМАН