Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте экзотикалық құстар үшін арнайы орын ашылды

  • AstanaTV
  • 06 қазан 2014
  • 2954

Оңтүстік қазақстандық тұрғын өз ауласында сирек кездесетін құстарды өсіре бастады. Мұнда жәннаттың құсы саналатын тауыс пен ең ірі түйеқұс та бар. Ал аулада естілетін құстардың дауысы, тіпті ерекше.

Айрықша кәсіпті қолға алған Сарыағаш ауданының тұрғыны - Бейсенбай Жанұзақ. Оның шаруашылығында Оңтүстік Африканың түйеқұстарынан бастап, қырғауыл, аққу, бөдене, құтан, кекілік, тотықұс та бар. Тауықтың да үнді және индонезиялық, мысырлық деп аталатын алуан түрі осында. Құс шаруашылығында қазір қанаттылардың 14 түрі бар. Құс өсіруші азамат бұған дейін бес мың бас қаз бен мыңнан астам үйрек асыраған. Жем-шөп аздық еткен соң, бар құсын сатып жібергенін айтады. Кейіннен әдемі құстарға әуестігі артып, олардың түрін көбейткен.

Айтуынша, қазір сәнді құстарға демалыс аймақтары мен мейрамханалардан сұраныс көптеп түсуде. Тағы сегіз түрлі құсты шетелден алдыру жоспарда бар. Мемлекеттен 2 млн теңге қаржылай қолдау алған кәсіпкер бұл қаржыға тәлімбақ салды.

Бейсенбай Жанұзақ, құс өсіруші:

Мына құстарымызға мемлекет тарапынан ешқандай субсидия берілмейді. Өйткені бұлардың басы субсидия алуға жетпейді. Мысалы, бес бас, он басқа субсидия бермейді. Ал енді мына түйеқұстардың басын 15-20-ға жеткізсек, осыдан тек қана «Асыл тұқымды» түйеқұс шаруашылығы деген статусқа ие болып, әрі қарай субсидияға үміт артсақ болады.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ