Русский Сайттың толық нұсқасы

Гонконгте жаппай ереуілден кейін мектептер қайта ашыла бастады

  • AstanaTV
  • 07 қазан 2014
  • 716

Гонконгте бір аптаға созылған наразылық акцияларынан кейін орта мектептер жұмысын қайта жандандырды. Бірақ, бастауыш мектептер мен балабақшалар әлі де жабық. Кейбір банктердің бөлімшелері де жұмыс істей бастады.

Бұған дейін ереуілдеушілер басып алған Гонконг үкіметтік кешені де жұмысын бастады. CNN-нің хабарлауынша, мемлекеттік қызметкерлер жұмыстарына ешбір кедергісіз жетіп жатыр. Бұған дейін қала билігі, егер де наразы топ үкіметтік ғимараттарды босатпаса, қатаң шаралар қолданатынын айтқан. Соған қарамастан, ереуілшілердің түгелдей тарқайтын түрі жоқ. Тек алаңға жиналған көпшіліктің қатары сиреген.

Еске салайық, акция қыркүйектің басында басталды. Азаматтар Гонконг әкімшілігінің демократиялық түрде сайланғанын талап етуде. ҚХР билігі өз айтқанынан қайтпайтындықтарын білдіріп, ертелі-кеш оппозиционерлердің іс-әрекеті тығырыққа тірелетініне сенімді. Қыркүйектің соңынан бері Гонконг көтерілісінде 100-ден астам адам жапа шекті, оның ішінде полиция қызметкерлері де бар.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ