Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанадағы «New Travel 7» туристік фирмасына қатысты дау шықты

  • AstanaTV
  • 07 қазан 2014
  • 1220

Туристер тағы да алданды. Бұл жолы Астанадағы «New Travel 7» туристік фирмасынан ши шықты. Есіл аудандық ішкі істер басқармасы өкілдерінің хабарлауынша, тамыз айынан бастап фирманың үстінен 21 шағым түскен. Арыз иелері Түркияда тентіреп қалдық деп ашынады.  «New Travel 7»  компаниясының кесірінен біреулер демалыстан мүлде қағылса, енді біреулері  өз қаражатына демалып, өз ақшасына қайтуға мәжбүр болған.

Өйткені фирма тек Түркияға бару құнын төлеген, ал мейманхана шоттарына көк тиын да аудармапты. Ол аздай, елге қайтуға арналған әуе билеттері жалған боп шығады. Сан соғып қалғандар, компания жетекшісінің құрығына түсіп қалдық дейді. Айтуларынша, туристік фирма  басшысы: «Түркияға саяхат жасауға үлкен жеңілдіктер жасаймыз», - деп жұртты еліктірген. Қыркүйек айында, пысықай ізім-ғайым жоғалды. Фирма бөлімшелері жабық, ал телефондары жауап бермейді.

Жалғас Балғожин,  ҚР Инвестиция және даму министрлігі Индустрия және туризм комитетінің басқарма басшысы:

«New Travel 7» туристік операторы жайында қазір нақты мәлімет жоқ. Өйткені бізбен байланысқа шықпай отыр. Компанияға тексеріс жасауға мәжбүрміз. Компания жетекшісін әлі тапқан жоқпыз.

Белгілі болғандай, Есіл аудандық ішкі істер басқармасының қызметкерлері ғайып болған жетекшіні тауыпты. Тіпті одан жауап алып жатқан көрінеді.

Ерік Егізбаев, Есіл аудандық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары:

Фирма жетекшісінен әр факт бойынша жауап алынып жатыр. Өтініштер әлі де түсіп жатыр. Жетекшіге бүгінгі таңда бұлтартпау шарасы қолданылды.

Айта өтейік, Индустрия және туризм комитетінің өтінішімен "Гүлнәр тур" компаниясының лицензиясы қайтарылды. Іске Ішкі істер министрлігі де араласқан. Еске салайық, жаздың басынан бері «Гульнар тур» операторының жүздеген клиенті Түркиядан  елге уақытылы қайта алмаған. Тағы сонша турист демалысқа дер кезінде ұша алмады. Жалпы жыл басынан елімізде туристік компаниялар кесірінен 12 мыңнан астам адам зардап шекті.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА