Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырау қаласы маңындағы Ақжар-2 ауылы тұрғындары 4 жыл қысты жылусыз өткізген

  • AstanaTV
  • 07 қазан 2014
  • 4008

Атырау қаласы маңындағы Ақжар-2 ауылы тұрғындары бүгін әкімдікке баса-көктей кірді. 150-ге жуық отбасы 4 жыл қысты жылусыз өткізген. Ал биыл оған жол бермейміз деп отыр. Айтуларынша, жергілікті билік Елбасының қыркүйектегі сапары қарсаңында халықты жиып, көгілдір отын қосылатынын айтып, қамдануға шақырған. Қуанған тұрғындары үйлеріне жылыту батерияларын орнатып, тіпті газ жүргізетін мекемеге қомақты қаржысын да төлеп қойған. Қуаныш ұзаққа барған жоқ. Әкімдік енді жылудың қашан берілетінін айта алмай отыр.

Гүлжан апа немерелерімен күн ұзаққа осы бөлмеден шықпайды. Екі жылыту пешін қосып қойыпты. «Әйтпесе үйдің азынап кетеді»,- дейді.

Гүлжан Құлмағамбетова, Ақжар ауылының тұрғыны:

Екі тоқ пешті қосып отырмыз. Былтыр жүрдік қаңғырып. Ана үйде, мына үйде. Газ жүргізіп қойып, қоспай отыр бізге. Газ ақшасын төлеңдер, жүргіземіз деді. Ақшасын төледік,  үйге дейін әкелгізіп қойды. Енді газ қоспай отыр. Үйде пеш жоқ, газ береді деген соң пеш салған жоқпыз.

Ауылда 150-ге жуық түтін бар. Олардың алды осыдан бес жыл бұрын қоныстана бастаған. Тұрғындар қыста балаларын қалаға жіберетіндерін, ал ересектері үйді күзетіп қалатындарын айтты.

Орынгүл Ибраева, Ақжар ауылының тұрғыны:

Әкімдіктен сатып алдық жерді. Осы жерде коммуникация жасалды, газ барып тұр, су барып тұр, сендерге жетпегені асфальт деп айтты.  Ешқандай асфальт та жоқ, газ да жоқ, су да жоқ. 

Нұржамал Өтеғұлова, Ақжар ауылының тұрғыны:

Газ береді деп 16 қыркүйекте айтты.  Былайша айтқанда, Назарбаев келгенде алдын алып, бізді өтірік ойыншық қылып, алдап тұрған сияқты. Назарбаев кетіп қалып еді, газ жоқ сендерге деді.

Шыдамның шегіне жеткен бұқара ауылдық округ әкімдігіне баса-көктеп кірді.  Бір сағаттан соң ғана халықпен кездесуге келген әкім Арман Нұрғалиев шарасыз екенін мойындады. 

Арман Нұрғалиев, Ақсай селолық округінің әкімі:

Қазіргі мезгілде «Трансгазаймақ» пен мердігер мекемесі арасында  рәсімдеу жұмыстары жүріп жатыр. Әлі 1-2-3 құжат бар. Қабылдаған соң жұмыстар жылжиды. Мен олардың жұмысына араласа алмаймын.

Әкім тіпті газ құбырының қашан іске қосылу қажеттігінен де бейхабар боп шықты. Ал «ТрансГазАймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалы басшылығы арнамызға мәселені күні ертең шешуге болатынын айтты.

Эльдар Дағаш, «Трансгазаймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалының директоры:

Айқай-шу шығарған соң, жылдам қарап бітірдік қағаздарды. Негізінде 3-4 күнге қарау керек қағаздарды. Бірақ бүгін кешке дейін қарап беріңдер деп тапсырма берді. Бұйырса, таңертең беріп бастаймыз газды.

Қырқына шыдаған халық, енді бір күннің ауылы алыс емес десіп, сабырға келді. Дегенмен, шаруаның бір күндік екеніне күмәнмен қарайды. 

Базаркүл ІЗІМОВА