Русский Сайттың толық нұсқасы

Петропавлдық өрт сөндірушілер жалынды жылдам ауыздықтаудың жаңа амалын ойлап тапты

  • AstanaTV
  • 08 қазан 2014
  • 995

Петропавлдық өрт сөндірушілер жалынды жылдам ауыздықтаудың жаңа амалын ойлап тапты. Әсіресе шатырдағы темір жабынды өртенсе, аталған құрылғы қызыл жалынды өшіруге таптырмас көмекші, деп отыр.

Ноу-хаудың авторы - аймақтағы Төтенше жағдайлар департаментінің подполковнигі Қасен Құсылбаев. Көлемі 1 метрлік қарапайым темір болғанымен, 36 шаршы метр аумақтағы өртке бір мезетте су шаша алады. Темір түтік жан-жақты ойластырылған, бір басы үшкір болса, екінші басы жұмыр. Үшкір басы арқылы өрт сөндірушілер төбе жабындысының астына оңай өтіп, саңылаулар арқылы жалынды басады.

Автор тың құрылғыны жасауды көптен бері ойластырғанын айтады. Кейін сызбасын жасап, арнайы кәсіпорынға тапсырыс берген. Шатырдан шыққан өрт кезінде де құрылғы сынақтан өткен. Өрт сөндіруде өте тиімді екеніне көз жеткізген мамандар, енді тағы бірнешеуін жасауға тапсырыс бермекші.

Қасен Құсылбаев, СҚО Төтенше жағдай департаментінің бөлім бастығы:

Түтіктің бас жағында арнайы қалың қалпақ бар. Осы жерден үлкен балғамен ұрған кезде түтік шатырды тесіп шығады. Ал, екінші басында бірнеше тесік бар. Тесіктер арқылы радиусы 10 метр болатын қашықтыққа су шашылады. Сонда бір темір түтік 36 шаршы метрді шарпыған өртті ауыздықтауға қауқарлы.

Абзал ҚҰРМАНКИН