Русский Сайттың толық нұсқасы

Сенат «Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімді» ратификациялады

  • AstanaTV
  • 09 қазан 2014
  • 1344

Бүгін Сенат «Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімді» ратификациялады. Заң жобасын 43 сенатор жақтап дауыс берсе,  біреуі  қалыс қалды. Сөйтіп, Беларусь және Ресеймен бірге экономикалық одақ құру туралы шартты бекітетін заң Президенттің қол қоюына жіберілді. Айта өтейік, Ресей Думасы келісімшартты 26 қыркүйекте ратификациялады. Елдің басшысы Владимир Путин федералдық құжатқа қолын қойған. Ал Беларуссияда заң әлі парламент деңгейінде қаралып жатыр. Үш мемлекет арасында құрылған одақ 2015 жылдан бастап күшіне енбек. Мақсаты  - тауар, қызмет көрсету, капитал және жұмыс күші айналымын еркін жүргізу. Дегенмен, кейбір сенаторлар «үштік» аясында тепе-теңдік сақталмайтын сыңайлы» деген алаңдаушылығын жасырмады. 

Сенаттың пленарлық отырысы ұлттық экономика министрі  Ерболат Досаевтың баяндамасынан басталды. Статистиканы сөйлеткен ол, Еуразиялық экономикалық одақтың  берері мол деді. Алайда баяндаманы сенатор Светлана Жалмағамбетованың төтесінен қойған сауалы үзді.

Светлана Жалмағамбетова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Мені толғандыратын,  бірқатар сұрақтар бар. Бізде импорт көлемі артып, экспорт  қысқарып жатыр. Сондай-ақ  Ресей шартты ратификациялағанына қарамастан, өз тауар өндірушілерін қолдау үшін  Кедендік одақ елдерінің  тауарына тыйым салуда. Осы орайда Үкіметтің позициясы қандай?

Сенатор  «Ресей мен Белоруссия өнімдерін сатушы, ал Қазақстан сатып алушы ретінде қалып отыр» деп ашынады. Ал министрдің жауабы айтарлықтай анық шықпады.

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Осы орайда, «Еуразиялық экономикалық одақ» барлық түсініспеушіліктердің басын ашып, орын-орнына қоюы тиіс. Әр сұрақ бойынша жұмыс істеп жатырмыз.

Басы ашылмаған сауалдар туралы шарт жобасын талқылаған кезде Мәжіліс депутаттары да айтқан-ды. Дегенмен, ол сұрақтар құжатты қабылдауға кедергі болмады. Одақ құрған пайдалы. Ал тиімсіз болған күнде, қызметін қалай тыйуға болады? Бұл сұраққа депутаттардың жауабы дайын: Бірлестік тек экономикалық мақсатты көздейді. Тиімсіз болса, бас тартуға болады. 

Рашит Ахметов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Кіру-шығу деген әр мемлекеттің өз құқығы. Бізді де, өзге мемлекетті құқығынан айырып жатқан ешкім жоқ.

Мұхтар Алтынбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Егер егемендігімізге қауіп төнсе, Қазақстанның бұл одақтан, экономикалық қауымдастықтан шығуға құқығы бар деген.

Депутаттар Қазақстанның ынтымақтасудан ұтары мол дейді. Айтуларынша, елімізде қалыптасқан бензин тапшылығын шешуге де белгілі бір деңгейде септігін тигізіп жатыр.

Ләззат Қиынов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Біз Ресейден 40 пайызға дейін сұйық отын импорттаймыз. Белгісіз себептерге байланысты жанар-жағармай бізге жетпей отыр. Бұл сұрақпен  Үкімет айналысып, тиісті азаматтарды жауапқа тартып жатыр. Дегенмен, біз бір одақта  болғандықтан, отынға деген  баж салығы жоқ.  Осылайша 500 миллион долларды үнемдедік.

Мәжілістің ізімен Сенат да шарт жобасын толықтай мақұлдады. Тек Жоғарғы палата бір ғана ерекшелікпен қабылдады. Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шарт жобасын қолдаудан бір депутат қалыс қалды.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА