Русский Сайттың толық нұсқасы

Зарина Дияс Жапонияның Осака қаласында өтіп жатқан халықаралық турнирдің жартылай финалына жолдама алды

  • AstanaTV
  • 10 қазан 2014
  • 908

Қазақстан теннисшісі Зарина Дияс Жапонияның Осака қаласында өтіп жатқан халықаралық турнирдің жартылай финалына жолдама алды. Ширек финалда отандасымыз Хорватия спортшысы Аня Конюхті екі сетте айналып өтті. Енді еліміздің бірінші ракеткасы Тайланд теннисшісі Луксики Кхумкхуммен ақтық сын жолдамасын сарапқа салады.

Қытай астанасы Бейжің қаласында теннистен халықаралық турнир жалғасуда. Әлем мықтылары жиналған жарыста ел намысын қорғаған Михаил Кукушкин ширек финал жолдамасынан құр қалды. Дәрежелі жарыстың үшінші кезеңінде отандасымыз Сербия теннисшісі Новак Джоковичке жол беріп қойды. Бірінші сетте есе жіберген Кукушкин үзілістен кейін тез жиналып, есепті теңестірді. Дегенмен, тәжірибесі мол әлемнің бірінші ракеткасы шешуші сетте жерлесіміздің алдын орап кетті. Келесі ойында Швейцария спортшысы Роджер Федерер Испания теннисшісі Роберто Баутиста Агутпен сынға түсті. Кездесу басынан бірқалыпты өнер көрсеткен швейцариялық бірінші сетте 6-4 есебімен алға шықты. Үзілістен кейінде алған бетінен қайтпаған Федерер ұпай санын арттырды. Өз кезегінде жиі қателесіп, қарсыласының қарқынына төтеп бере алмаған Баутиста Агут  жеңілісін мойындады.



Бүгін футболдан Еуропа чемпионатына іріктеу жарыстары өтеді. «А» тобында сынға түсіп жатқан еліміздің ұлттық құрамасы Голландия командасына қонаққа келді. Бұл ойынға жарақаттарына байланысты жартылай қорғаушы Генрих Шмитгаль мен қорғаушы Самат Смақов қатыспайды. Сондай-ақ бапкерлер шешімімен Танат Нөсербаев, Юрий Логвиненко және Бауыржан Исламхан Голландияға келген жоқ. Өйткені дүйсенбі күні Юрий Красножанның шәкірттері Чехия құрамасын қабылдайды. Аталған футболшылар демалыс алды. Гус Хиддингтің шәкірттері алғашқы ойында Чехия құрамасына ұтылып, ұпайсыз қалды. Қазақстан құрамасы болса, Латвия командасымен тең ойнап, үлесінде 1 ұпай бар. Өз алаңындағы келесі кездесуін Юрий Красножанның шәкірттері 13 қазан күні азулы Чехия құрамасына қарсы өткізеді. Аталған жекпе-жек «Астана Арена» стадионында өтеді.

Самат ҚАНАҒАТОВ