Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда үш баласы бар отбасы орман ішіндегі шатырда тұрып жатыр

  • AstanaTV
  • 10 қазан 2014
  • 1556

Оралда үш баласы бар отбасы орман ішіндегі шатырда тұрып жатыр. Өзегі талмау үшін өзен жағалаған олар балық аулап, саңырауқұлақтар мен өзге де өсімдіктерді талғажау етеді. Айтуларынша, мұнда көктемнен бері тұрады. Үлкен қызы - Альбина - 6 жаста, ортаншысы – Карина - 3 жаста, ал кенже қыздары – Камила- 1 жарымға енді толған. Күздің қара суығында  шатырды паналап, ауыз суды өзеннен тасып ішетін отбасы үшін балаларды балабақшаға орналастыру әзірге арман ғана.

Репек Әбсәметов:

Қазір біз үшін басты мәселе - баспана болып отыр. Арзан бағаға табылса, жақсы болар еді. Бос тұрған саяжайға тегін паналатса, ол жерді күзетуге қуана-қуана келісер едік. Ал балаларды аштан өлтірмеймін.

Отағасының қолында жалғыз ғана құжат бар. Оның өзі адам өлтіргені үшін сегіз жыл түрмеде жазасын өтеп шыққанын растайды. Босап шыққасын, шаңырақ көтеріп, Оралда тұрақтап қалған көрінеді. Қазір балаларын асырау үшін, қалаға қатынап жалдамалы жұмыстарды атқарып жүр.

Настя Ерёмина:

Тамақтан тарыққан емеспіз, ет, картоп, қажеттінің бәрін де сатып аламыз. Айт мерекесінде жанашыр жандар қой етін әкеп берді. Тек балаларымызбен паналайтын жер болса екен. Ал жұмыс табылса, қуана-қуана келісер едім.

Жауапты мекемелер бұл отбасы туралы  журналистерден естіді. Түс ауғанда Әбсәметовтер отбасын іздеп табу үшін орманға аттанған олар, жағдайды көзбен көріп қайтуға бел буған. Мәселе ушығып тұрса, балаларды оқшаулау орталығына өткізіп, ата-анасына шара қолданбақшы.

Еркін ҚАРИН