Русский Сайттың толық нұсқасы

АШМ экс-вице-министрі сотта соңғы сөзін айтты

  • AstanaTV
  • 13 қазан 2014
  • 1432

Пара алды деген күдікпен ісі сотта қаралып жатқан тағы бір шенеуніктің ісі аяқталуға жақын.

Бүгін еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұрынғы вице-министрі Мүслім Өмірияев сот алдында өзінің соңғы сөзін сөйледі. Экс-шенеунік «өзге адамдардың арам пиғылынан жазықсыз сотталып кетуге болатыны қиын», дейді.

Өмірияевтің сөзінше, тергеу барысында басты куәгерлерге қысым көрсетіліп, өзіне қарсы жауап бергемендерінше олар іс бойынша «пара беруші» ретінде өтіп, қажетті жауап алынғаннан кейін ғана куәгерге ауыстырылған. Экс-вице-министр қылмыстық іске негіз болған аусылға қарсы вакцина сатып алуға да еш қатысым болған жоқ, дейді.

Мүслім Өмірияев, сотталушы:

Тергеудің барлығы пара алу фактісін қалай болғанда да дәлелдеуге бағытталды. Басты куәгерлер - Антимонов пен Макаренкоға қысым көрсетіліп, маған қарсы жауап бермегендерінше, олар 312-бап бойынша «пара беруші» ретінде қарастырылды. Біреудің арам пиғылынан түрмеге қамалуға болатынын түсінгеннен асқан қорлық жоқ.

Еске салайық, өткен сот отырысы кезіндегі жарыссөзде мемлекеттік айыптаушы соттан экс-шенеунікті 12 жыл бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеуді сұрады. Мүслім Өмірияевтің өзі кінәсін мойындаған жоқ. Сот шешімі 16-шы қазанда шығады.

Айта кетейік, экс-шенеунік Ауыл шаруашылығы вице-министрі лауазымында бола тұра мемлекеттік сатып алуларда жеке кәсіпкерлерге көрсеткен көмегі үшін 100 мың доллар және 7 миллион теңгеге жуық пара алды деген айыппен өткен жылдың желтоқсанында ұсталған болатын.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ