Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанада "Қолжетімді баспана 2020" бағдарламасы бойынша құжат қабылдау басталды

  • AstanaTV
  • 13 қазан 2014
  • 1636

Астанада "Қолжетімді баспана 2020" бағдарламасы бойынша құжат қабылдау басталды. Тұрғын үйден дәмелі жұртшылық бүгін "Жастар" сарайын лық толтырды. Айта кетейік, биылғы жылы "Самұрық-Қазына" жылжымайтын мүлік қоры жергілікті әкімдік арқылы үлестіруге 678 пәтер бөлген.

Бағдарлама бойынша құжат қабылдаудың алғашқы кезеңі басталысымен, баспаналы боламын деп бақ сынағандар қарасы көп болды. Қолжетімді тұрғын үйден үмітті астаналықтар қолдарына бума-бума құжат ұстап, ұзынсонар кезекке тұрды. Бір қызығы, баспанадан дәмелі азаматтардың көбі мемлекеттік бағдарламаға қатысу шарттарын білмейтін болып шықты. Қандай құжат керектігін, кім қатыса алатындығын да ескермеген. Қатысушылардың дені «ерте тапсырсам, ерте аламын» деп келген.

Руслан Ахметов, Астана қаласы тұрғын үй басқармасының жетекшісі:

Енді кім қатыса алады? Тек ғана кезекте тұрған адамдар қатыса алады. Ол немесе әлеуметтік қорғалатын топтар, немесе мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік ұйымдарда жұмыс істейтіндер. Барлығы "Самұрық-Қазына" бізге 678 пәтер беріп жатыр. Соның ішінде 169 пәтер арендалық пәтер болады. Ал 509 пәтер ол сатылатын пәтер болады.

Құжат қабылдау мерзімі 25 қазанға дейін жалғасады. Жұмыс күндері сағат кешкі алтыға дейін, ал демалыс күндері түске дейін құжат тапсыруға болады. Азаматтар тек талон арқылы өткізіледі. Ал бүгін Астанадағы өнер университетінде қызмет ететін Сандуғаш Башкенова және Қаржы министрлігінде жұмыс істейтін Айдос Дәулетов алғашқы болып құжат тапсырғандар қатарына енді. Мемлекеттік қызметкерлер бағдарламаның басталысын көптен күтіп жүргендіктерін жасырмады.

Мен бар құжатты бір күнде-ақ жинадым. Әкімдіктің талап қойған құжаттарын толық тапсырдым. Ұйымдастыру шаралары жаман емес.

Үйлерді көптеп берсе, нұр үстіне нұр жауар еді. Тұрғын үй жеткіліксіз, баспанасыз жүрген халық көп.

Бүгінде Астана қаласы бойынша кезекте 32 мыңға жуық адам тұр. Ал биыл тек 678 пәтер бөлінген. Оның 169 жалдамалы пәтер болса, 509-ы сатылымға қойылмақ. Берілетін пәтерлер екі және үш бөлмелі болмақ. Жалдамалы пәтердің айлық құны тоқсан мыңнан жүз мың теңгеге дейін болса, сатылатын пәтерлердің 1 шаршы метр құны мың доллар. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, су жаңа пәтерлер жыл соңында "Шығыс" тұрғын үй кешенінен беріледі.

Жұрағат БАМАН