Русский Сайттың толық нұсқасы

"Нұр Отан" 700 нысанның мүмкіндігі шектеулілерге қолжетімділігі бойынша мониторинг жүргізеді

  • AstanaTV
  • 13 қазан 2014
  • 1360

Қазақстанда жұмысқа орналасқан он мүгедектің жетеуі ғимараттардың іші-сыртында жүріп-тұру ыңғайсыз болғандықтан, жұмысын тастауға мәжбүр. Бүгін мүгедектер қауымдастығының мүшелері осындай дерекпен бөлісті. «Нұр Отан» партиясы қолға алған «Кедергісіз келешек» жобасы аясында алдағы уақытта осы тектес кемшіліктерді жою қолға алынбақ. Атап айтқанда, 700 нысанның инфрақұрылымына мүмкіндігі шектеулілерге қолжетімділігі бойынша мониторинг жүргізіледі. Бүгін партия мүшелері арнайы рейдке шығып, қоғамдық нысандарды тексеріп көрді.

Бұл білім ошағы кәдімгі мектептердей емес, ерекше. Мұнда инклюзивті білім беру жүйесі іске асуда. Яғни мүгедектер сау балалармен бір сыныпта оқиды. Қазір мектепке 145 кембағал оқушы тартылған. 16-сы арбаға таңылған. 13-інің тілі кеміс, тағы біразының көзі нашар көреді. Оларды оқытудың арнайы бағдарламасы бекітілген. Жоғары сыныптағыларды сан түрлі кәсіпке де баулиды. Ол үшін шебархана, шаштараз жасақталған. Ал мектеп ішінде кедергісіз қатынауға жағдай бар. Оған депутаттар көз жеткізді.

Ал бұл Темір жол вокзалы. Көшедегі кедергілерге күнде тап болатын мүмкіндігі шектеулі жан бас шаһардағы әр 10 пандустың 8-і талапқа сай емес, көзбояушылық үшін жасалған дейді. Құрылыс кезінде көбі бұл мәселеге саналы түрде қарамайды. Есеп үшін орнатады. Нормативтік талаптар ескерілмейді.

Жадырасын  Сәдуақасов, Қазақстан мүгедектер қауымдастығының сарапшысы:

Қарап отырсаңыз, салынған пандустардың 80 пайызы нормативсіз салынған. Көлбеулігі келмейді. Норматив бойынша 8 процент болуы керек. Міне мына тұрған пандус 12 процент.

Темір жол вокзалын тыңғылықты аралап шыққан нұротандықтар нысанда тек арбаға таңылғандарға жағдай жасалғанын айтады. Ал көзі көрмейтіндер мен құлағы мүкістерге ғимарат әлі бейімделмегенін байқапты.

Ирина Аронова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Нұр Отан" фракциясының мүшесі:

Егер құқықтық базаны өзгерту керек болса, ұсыныс Парламентке жіберіледі. Егер стандарттарды түзету керек болса Үкіметке, ал, атқарылған жұмыстың сапасы төмен болса, ескерту жергілікті атқарушы билікке жолданады.

Бүгін рейд кезінде анықталған кемшіліктер негізінде  «Нұр Отан» партиясы тиісті органдарға ұсыныстар әзірлейді. Жалпы елімізде барлығы 700 нысан, оның ішінде Астанада 30-ы мүгедектердің кедергісіз жүріп тұруына ыңғайланып, бейімдеуден өткен.

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ