Русский Сайттың толық нұсқасы

Мұнай бағасы барреліне 80$ болған күнде Қазақстанды не күтіп тұр?

  • AstanaTV
  • 14 қазан 2014
  • 1060

«Мұнай баррелі 80 долларға бағаланған жағдайда Қазақстанның ұлттық валютасы 15,5% девальвацияға ұшырап, 1 АҚШ доллары 220 теңге болуы ықтимал». Renaissance Capital осындай  болжам жасады. Ресейлік инвестициялық банк есебінде келтірілген деректерге сенсек, әлемдік нарықта қара алтын құны құлдырағалы, Қазақстандағы ЖІӨ-нің өсу қарқыны мәз емес. Мұнай бағасы барреліне  $100 болған күнде,  ЖІӨ өткен жылғымен салыстырғанда, болмашы ғана мөлшерде, яғни 4,5%-дан 4,8%-ға ғана артуы мүмкін еді. Сарапшылар жағдайдың осы қарқында жалғасуы Қазақстан валютасының құнсыздануына еріксіз жеткізеді деп болжауда.

Ал әлем елдерін алаңдатқан қара алтын құнындағы өзгеріске бас қатыруды қажет деп таппайтын елдер де бар. Мәселен, ОПЕК-ке мүше мұнай өндіруші алпауыттардың бірі Сауд Арабиясы алдағы уақытта мұнай құны барреліне 90 тұрмақ, 80 долларға түссе де, мұртымызды балта шаппайды дегендей сыңай танытып отыр. Бұл жөнінде Ресейдің Vedomosti.ru сайты жазады. Жуырда өткен мұнай нарығы мамандары мен сарапшылар бас қосқан жиынға қатысушылардың сөзіне сенсек, араб елі бағаның құлдырауынан тіпті пайда да табуға ниетті. Өйткені бағаның төмендеуінен өндірушілер жаңа инвестиция тартуды тоқтатады. Бұл мұнайды мұхит түбіндегі тереңдіктен, тіпті АҚШ-тағы қатпарлы мұнай кен орындарынан өндіру жобасын да тоқыратуы ықтимал деп санайды.

Айта өтейік, ОПЕК елдеріне тиесілі мұнайдың үштен бір бөлігі Сауд Арабиясының еншісінде. Бағаны одан әрі құлдыратпас үшін, көптеген елдер мұнай көлемін қысқартып жатқаны белгілі. Ал күніне 9,7 млн баррель мұнай өндіретін Сауд Арабиясы билігі ол жайында тіпті ойланбайтын да сияқты.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА