Русский Сайттың толық нұсқасы

АШМ бұрынғы вице-министрі 10 жылға сотталды

  • AstanaTV
  • 16 қазан 2014
  • 1228

Ауыл шаруашылығы экс-вице-министрі Мүслім Өмірияев 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Бүгін Астана қалалық Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты осындай үкім шығарды.

Ербол Рақымбеков, Астана қалалық Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы:

Сот шешімімен Өмірияев Мүслім Тайырұлы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 311-бабы, 5-ші тарауы бойынша кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылсын. Жеке мүлкі тәркіленіп, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтесін. Сондай-ақ, ол бостандыққа шыққаннан кейін 7 жыл бойы мемлекеттік қызметке араласу құқығынан айырылады.

Сот төрағасы шешім шығару алдында Өмірияевтің отбасылық жағдайы, яғни төрт баласы бар екендігі, сондай-ақ, оның мемлекеттік қызметтегі айыптаудан бұрынғы мінсіз қызметі ескерілгендігін атап өтті.

Айта кетерлігі, Мүслім Өмірияевке қатысты сот процесі бір жылға жуық созылды. Енді ол темір тор артында қалған 9 жылын өткізбек. Ал экс-шенеуніктің адвокаты Владимир Русин сот шешімімен келіспейтіндігін мәлімдеді. Қорғаушы тарап шағым түсірмек.

Еске салайық, өткен сот отырысы кезіндегі жарыссөзде мемлекеттік айыптаушы соттан экс-шенеунікті 12 жыл бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеуді сұраған болатын.

Айта кетейік, экс-шенеунік Ауыл шаруашылығы вице-министрі лауазымында бола тұра мемлекеттік сатып алуларда жеке кәсіпкерлерге көрсеткен көмегі үшін 100 мың доллар және 7 миллион теңгеге жуық пара алды деген айыппен өткен жылдың желтоқсанында ұсталды.

Жұрағат БАМАН