Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыда көмір қымбаттады

  • AstanaTV
  • 16 қазан 2014
  • 1334

Көмірдің отаны Қарағандыда көмір қымбаттады. Жеке үйлердің тұрғындары енді қатты отынның тоннасына 8 жарым мың теңге төлейді. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда айтарлықтай қымбат. Аймақтағы алпауыт кәсіпорын «Арселор Миттал Теміртаудың» өкілдері қара алтынның әлемдік нарықтағы құны едәуір төмендегенін мәлімдегені күні кеше ғана еді. Соған қарағанда, қарағандылық саудагерлердің нарықтық өз заңы бар секілді.

Қарағанды халқы ел қатарлы қысқы маусымға қызу әзірленіп жатыр  Скудяковтар отбасы биыл  5 тонна көмір сатып алған. «Көктемге дейін жетуі тиіс»,- деп отыр. Көршілер де қарап қалмай көмірханасын толтырып алудың қамымен жүр. Қалталары қағылса да, зейнеткерлердің мұнан өзге амалы жоқ. Қыс болса, келіп қалды.

Валентина Сачкова,  Қарағанды тұрғыны:

Тоннасына 8 мың төледім. Тым қымбат. 6 тонна алсам, құны менің зейнетақымнан асып түседі. Делдалдар да көп.

Ал «Арселор Миттал Теміртау» басшылығы қатты отынның әлемдік нарықтағы құны айтарлықтай төмендегенін мәлімдеді. 

Иво Хмелик,  «Арселор Миттал Теміртау»  АҚ бас директоры:

Кокс көмірінің нарықтағы құны шамамен 50%-ға арзандады. Бұл көмірді сатып алатын бәсекелестер үшін тиімді.

Алайда алпауыт кәсіпорын тұрғындарға көмірді тікелей сатпайды. Онымен ұсақ компаниялар айналысады. Тап осы делдал компания өкілдерінің қымбатшылыққа қатысты өзіндік уәжі бар.

Алыпсатарлар «көмірді тасымалдау мен сақтауға қыруар шығын кетеді. Бағаның көтерілу себебі де осыған байланысты» дейді. Дегенмен, Қарағандыдағы жеке сектор тұрғындары бұған сеніңкіремейді. Олар баға негізсіз көтерілді деп есептейді. Сондықтан жан-жақты тексеру жүргізілгенін қалайды. Ол үшін тұтынушылар құқығын қорғау ұйымына хат дайындап жатыр.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА