Русский Сайттың толық нұсқасы

Қоғам қайраткерлері банк заңнамасына өзгерістер ұсынды

  • AstanaTV
  • 16 қазан 2014
  • 1231

Алматыда танысына несие алуға көмектесемін деп 4 баланың анасы баспанасынан айырылғалы отыр. Айтуынша, несие рәсімдеу кезінде банк оны үшінші тараптағы қарызгер ретінде тіркеп, ешқандай жауапкершілік болмайтынын айтып, ағынан жарылған. Бірақ артынан 500 мың долларды мойнына ілген.

Міне, мына қабырғасы сөгіліп тұрған баспананы еліміздегі екінші деңгейлі банктің бірі жарты миллион долларға бағалапты. Алаяқтардың арбауына түскенін сот арқылы дәлелдеп шықса да, банк көпбалалы ананың баспанасын қайтарар емес.

Біз банкқа барған кезде сондағы қызметкер маған сіз ақша алмайсыз, сондықтан ешқандай қорқудың қажеті жоқ деді. Заемщиктер бар, ақшаны қайтару солардың тікелей жауапкершілігі, ал сіздің қол қоюыңыз тек формальды түрде, еш алаңдамыз деген.

Қоғамдық ұйым өкілдері бұның бәрі банк саласына қатысты заңдардағы олқылықтардың кесірі дейді. Үшінші тараптағы кепілгер көмектесу мақсатында мүлкін кепілдікке қойып, берілген несиеден бір тиын алмаса да, артынан айыпты болып шығады. Жыл басынан бері осындай жағдайға бес жүзден астам адам тап болған. Мемлекеттік емес ұйым өкілдері бұл жерде кейбір банк қызметкерлерінің қара ниеттерінің кесірінен зардап шеккендер де бар екенін атап өтті. Сол үшін заңға өзгертулер енгізу керек деп бүгін бастама көтерді. Тіпті Үкімет пен Парламент депутаттарына арнайы хат та жолдамақ.

Айман Омарова, қорғаушы:

Банк қызметкерлерінің әрекеттерін біз заңсыз деп санаймыз. Неге десеңіз, олар көріп тұрып, өздерінде несиелері бар екенін біліп тұрып, не үшін оған несие береді. Осы конференцияда айтып отырмыз. Ол кісілер көретін шығар, депутаттарға, жаңағы акционерлерге ұсыныс. Акционерлер де өз қамын ойламай, елдің де қамын ойласын.

Б.ХАСЕНОВ