Русский Сайттың толық нұсқасы

Асылжан Мамытбеков: Сенімді жоғалтсам, отставкаға кетуге дайынмын

  • AstanaTV
  • 17 қазан 2014
  • 1365

Ауыл шаруышылығы министрі Асылжан Мамытбеков бұрынғы орынбасары Мүслім Өмірияевтің кінәсіздігіне сенімін жоғалтса, қызметінен кетуге дайын. Бұл жайында ол кеше «Фэйсбук»-тегі парақшасында жазды.

Еске салайық, кеше Ауыл шаруашылығы экс-вице-министрі Мүсілім Өмірияев қомақты көлемде пара алды деген айыппен 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Енді, ол қатаң режимде жазасын өтейтін болады. Ал, Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков Өмірияевке кінә тағылғанда, «Егерде сот Өмірияевті пара алып, коррупциялық қылмыс жасады деп таныса, онда мен айыптау үкімінен соң отставкаға кетуге дайынмын» деген болатын.

Кеше өзінің бұл мәлімдемесіне қатысты Асылжан Мамытбеков әлеуметтік желідегі парақшасында пікір білдірді. «Өмірияевтің кінәсіздігіне сендім, қазір де сенемін. Ол параны бопсалаған жоқ және қызметтік бабын пайдалана отырып, біреудің мүддесі үшін әрекет жасауы мүмкін емес. Алғашқы инстанциядағы соттың үкімі өз күшіне әлі енген жоқ. Сондықтан, Конституцияға сәйкес және заң бойынша ол әлі де кінәсіз болып есептеледі. Өмірияевтің, оның қорғаушыларының мұны дәлелдеп шығуға мүмкіндіктері бар. Қорытынды үкім шығаруға жоғары тұрған соттар бар. Ал мен, жұмыстан кетуге дайынмын ба? Иә, сенімімді жоғалтқан сәтте жұмыстан кетуге дайынмын», - деп жазған.

Естеріңізге сала кетейік, М.Өмірияев мемлекеттік сатып алулар конкурсында кәсіпкерге жеңімпаз атануға көмек бергені үшін 100 мың АҚШ доллары сомасында пара алды деп айыпталған еді. Қаржы полициясы Ауыл шаруашылығы экс-вице-министрін 2013 жылғы 21 желтоқсанда қамауға алған-ды.

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ