Русский Сайттың толық нұсқасы

Жемқорлыққа қарсы іс қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесте Маңғыстау облысындағы жемқорлық деректері қаралды

  • AstanaTV
  • 17 қазан 2014
  • 1246

Ақтауда жобалық-сметалық құжаттың дайын болмауынан онкологиялық орталықтың құрылысы екі жылдан бері тоқтап тұр. Алайда жауапсыз мердігерге еш жаза қолданылмаған. Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» партиясы жанындағы Жемқорлыққа қарсы іс қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында айтылды. Отырыста Маңғыстау облысындағы жемқорлық деректері май шаммен қаралды. Оның ішінде орта және шағын бизнестің дамуына кедергі факторлар, жер телімдерін  үлестіру мен жалға берудегі парақорлық, мемлекеттік сатып алуларға тендер жүргізудегі олқылықтар, басқа да өзекті мәселелер ортаға тасталды.

Мәселен, облыста соңы екі жылда жөнделуі тиіс 36 пайыз тас жолдың небәрі 3 пайызы қалыпқа келтірілген. Ал осыдан екі жыл бұрын қолданысқа берілуі тиіс онкологиялық аурахана құрылысы әлі аяқталмаған. Енді әкімдіктен бөлек  «Нұр Отан» партиясы жемқорлықтың жолын кесу үшін, бақылауды күшейтпек.

Светлана Романовская, ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Жемқорлыққа қарсы біз «Нұр Отан» тарапынан ықпалды күшейтеміз. Әкімдік біраз жұмыстар атқаруда. Бірақ аймақтық партия бөлімі тиісті көңіл бөлмей отыр. Сондықтан қоғамдық бақылауды күшейтпекпіз. Жолдарға қатысты мәселені көтереміз. Сапасын, бір бірімен байланысын арттыру керек. Егер Ақтау порты дамыса, жаңа жұмыс орындары ашылатыны белгілі. Осы логистикалық жүйе іске асса, аймақтағы бизнес ғана емес, тұтас Қазақстанның дамуына оң әсері тиеді.

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ