Атырау әуежайындағы абыр-сабыр.
Болмашы ғана бір дорбаның кесірінен ұшақтар кідіріп, жолаушылар жолда қалды. Таңертең сағат 9:15 шамасында халықаралық әуежайды
қауіпсіздік қызметі күштері қоршауға алып, жолаушыларды шұғыл сыртқа шығара
бастаған.
Жолаушылардың айтуынша, қарсы алушы және шығарып салушылардан өзге,
тіркеуден өткен Алматы мен Астанаға ұшқалы тұрған рейс жолаушылары да оқшауланған. Жарты сағат тексерістен соң ғана
сыртта қаңтарылған 300-ге жуық адам ішке кіргізілген. Алайда Астана және Алматы
бағытында ұшуы тиіс әуе көліктері түстен соң да қозғала қоймады. Бес рет
тіркеуден өткен жолашылар әбден шаршаған. Қара суды азық етіп отырғандарын айтты.
Нұржан, жолаушы:
Таңертең сегізден бері қарай
жүрміз. Сағат қазір неше болды, екі болды ма? Қасымда кемпірім бар, балаларым
бар. 2 самолет. «Бек эйрдың» екі
самолеты. Біреуі Алматыға, біреуі
Астанаға ұшуы керек. «Эйр Астана» самолеты Ақтауға ұшып кетті. Олар конкуренттер
шығар. Біз де адамбыз ғой. Түсіну керек қой бізді де.
Данара Көрлеуітова, жолаушы:
Атырауға жұмыстарыммен келдім. Енді
Астанаға ұшуым керек жұмыстарыммен, мен
жұмыстан кешігіп қалдым. С Астаны люди,
которые дают разрешение, не дают вылететь, они пошли спокойно на обед. А мы
должны двести человек сидеть голодные с детьми.
Жолаушылардың айтуынша,
әуежайдағы әбігершілікке ғимаратта иесіз жатқан қолсөмке себеп болған. Әуежай
қызметкері ғимараттан күдікті затты байқап қауіпсіздік қызметіне хабар берген.
Бейресми деректер бойынша, осының кесірінен Астанадан Атырауға қонбақшы болған
рейс бағыты Ақтауға бұрылған. Ыстамбұлға ұшатын ұшақ уақыты шегерілді. Ал бұл
төтенше жағдай туралы әуежай басшылығы
да, авиациялық қауіпсіздік қызметі де түсінік беруден бас тартты.
Базаркүл ІЗІМОВА