Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда полицейді суицидке итермеледі деп айыпталған екі азаматқа қатысты сот процесі басталды

  • AstanaTV
  • 21 қазан 2014
  • 2304

Атырауда қаржы полициясының екі қызметкеріне қатысты сот процесі басталды. Оларға Исатай аудандық ішкі істер бөлімінің бұрынғы басшысы Алтынбек Құбайдуллинді тергеген кезде қызмет бабын асыра пайдаланды деген айып тағылып отыр. Қос айыпталушының бірі - жедел іздестіру бөлімін басқарған Бауыржан Ертаев. Екіншісі - тергеуші Айбар Сарин. Сот отырысына жәбірленуші тарапты қолдаушылар қарасы қалың.

Қамираш Темірболатова, А.Құбайдуллиннің анасы:

Әлі де шындық болар деп ойлаймын. Соттың әділ шешімін күтемін. Алды 8-де, арты 2-де үш баласы қалды. Әкем қайда деп күнде сұрайды.

Атырау облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті бастығының орынбасары Заңғар Заңқанов сотқа куәгер ретінде шақырылған. Ол өңірдегі тілшімізге қос айыпталушының  әлі күнге қызметін алаңсыз атқарып жүргенін растады. Бірақ осы іске қатысты қандай да бір ақпар беруден бас тартты. Сот барысында Алтынбек Құбайдуллиннің жұбайының денсаулығы нашарлап, жедел-жәрдем шақыруға тура келді. Жәбірленуші тарап бұл істе лауазымды тұлғалар жауапқа тартылуы тиіс  деп есептейді.

Ахмед Сырым, адвокат:

Қаржы полициясының екі қызметкеріне ҚК 380-бабының екінші бөлімімен, яғни қызмет бабын асыра пайдаланып, Алтынбек Құбайдуллиннің конституциялық құқын  бұзды деген  айып тағылып отыр. Оған нақты  дәлелдер бар. Біздің ойымызша,  бұл қылмысқа тек екі қызметкер ғана кінәлі емес. Аталған органның лауазымды тұлғалары да жауапқа тартылу керек. Қазір біз сотқа  қосымша тергеу үшін,  қолдау хат дайындап қойдық.

Еске салайық,  осы жылдың сәуір айында полиция майоры Алтынбек Құбайдуллин заңсыз бекіре аулағандарға қолдау көрсетті деген күдікке ілініп, парамен ұсталған. Артынша денсаулығы сыр беріп ауруханаға жеткізіледі. Сол тұста қаржы полициясының өкілдері «Исатай аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Алтынбек Құбайдуллин ауруханадан қашып кетті» деген ақпарат таратты. Ал 3 күннен соң оның мәйіті құрылыс алаңында табылды. Тергеу материалдары бойынша, күдікті асылып өлген.

Базаркүл ІЗІМОВА