Иманғали Тасмағамбетов Қорғаныс
саласын басқаратын болды, ал Астана әкімі болып шаһардың алғашқы басшысы қайта
тағайындалды. Бір сағат бұрын Ақорданың Twitter-дегі ресми блогында «Мемлекет
басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Иманғали Тасмағамбетовты Қазақстан Республикасының
Қорғаныс министрі етіп тағайындағаны» туралы хабарланды.
Ақорданың баспасөз қызметі, жаңа басшы
министрлік алдында ресми түрде таныстырылғанын да хабарлады. Ал, Серік Ахметовтің
қандай қызметке кеткені жайында әзірге ресми дерек жоқ.
Еске салайық, Ахметов Қорғаныс
ведомствосының басшылығына осы жылдың сәуірінде келген. Ал, Тасмағамбетов 1993
жылдан Мемлекет басшысының көмекшісі, 1995 жылда премьер-министрдің орынбасары,
премьер-министр, Білім және мәдениет министрі, 1997 жылы Президент
әкімшілігінің басшысы, 1999 жылы ҚР Президентінің бірінші көмекшісі, Алматы
қаласының әкімі қызметтерін ауыстырған болатын. Президенттің соңғы
тағайындауымен ол 2008 жылдан бері бас қаланың әкімі қызметін атқарды.
Ал, Астана әкімі болып бүгін Әділбек
Жақсыбеков тағайындалды. Осылайша, Астананың тұңғыш әкімі ескі орынға қайта
жайғасты. Ол қаланы 1997 жылдан 2003 жылға дейін басқарған-ды. Кейін Индустрия
және сауда министрі, 4 жыл қатарынан Президент әкімшілігінің басшысы, «Нұр Отан»
партиясы төрағасының бірінші орынбасары және Президент кеңесшісі жауапты
қызметтерінде болды. Сондай-ақ, Ресей Федерациясында елші, 2009-дан 2014 жылға
дейін Қорғаныс министрі болды. Ал осы жылдың сәуірінде Жақсыбеков Президенттің Қаулысымен
ҚР Мемлекеттік хатшысы болып тағайындалған еді.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ