Русский Сайттың толық нұсқасы

Мәжіліс «Арменияның ЕАЭО қосылуы туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады

  • AstanaTV
  • 18 желтоқсан 2014
  • 1023

Армения бірінші қаңтардан бастап Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болмақ. Бұл туралы заң жобасы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында мақұлданды.

Мәселе төңірегінде баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевтың айтуынша, Қазақстан мен Армения арасындағы сауда айналымы аса ауқымды емес. Шамамен 7,7 миллион долларды құрайды. «Арменияның Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болуы, ең алдымен өңірдің сауда-экономикалық қатынастарын ынталандырады. Сондай-ақ, Армениямен арадағы бірлескен кәсіпорындардың өзара дамуын қамтамасыз етіп, өткізу нарығын кеңейтуге жағдай жасамақ. Одаққа қатысушы мемлекеттердің экономикасын тұрақты дамытуға септігін тигізеді», - деді министр.

Айта кетейік, Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа 29 мамырда Астанада қол қойылды. Ал одаққа Арменияның қосылуы туралы құжатқа 4 мемлекеттің президенттері 2014 жылдың 10 қазанында Минск қаласында қол қойған болатын.

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:

ЕАЭО туралы шартқа Арменияның қосылуы туралы шарт жобасы негізгі төрт еркіндікті қамтамасыз ету бойынша жағдайлар жасауға бағытталған бұлар, тауарлардың, капиталдың, қызмет көрсетулердің және жұмыс күшінің еркін қозғалысы. Перспективада Армения Республикасының интеграциялық процеске қатысуына басқа да елдер секілді тұтастай Одақ үшін барынша елеулі пайда күтіліп отырғанын атап өткім келеді.

Жұрағат БАМАН