Русский Сайттың толық нұсқасы

Иманғали Тасмағамбетов Астана қаласы әкімдігінен босатылып, Қорғаныс министрі болып тағайындалды

  • AstanaTV
  • 22 қазан 2014
  • 1710

Астанада күтпеген ауыс-түйіс. Бас шаһарды алты жыл басқарған Иманғали Тасмағамбетов қызметінен кетті. Оған қоса Президент сәуір айында ғана Қорғаныс министрі болып тағайындалған Серік Ахметовтың отставкасын қабылдады. Түске дейін министрдің орынтағына Тасмағамбетов жайғасып үлгерді. Ал Астана қаласын бұған дейін Мемлекеттік хатшы болып қызмет еткен Әділбек Жақсыбеков басқаратын болды.

Бүгін таңертеңнен ақпарат агенттіктері сан-саққа жүгірген болжамдарға толып кетті. БАҚ Астана қаласы әкімі мен Қорғаныс министріне қатысты әртүрлі дерек көздеріне сүйеніп жазылған хабар-ошарды қарша боратты. Алайда «Ақорданың» ресми таратқан мәлімдемесі түрлі сыбысты су сепкендей басты. Сонымен, Иманғали Тасмағамбетов Астана қаласы әкімдігінен босатылып, Қорғаныс министрлігіне барды.  Бас шаһар әкімі болып  Әділбек Жақсыбеков тағайындалды. 

«Еліміз ішкі-сыртқы қауіптерге қарсы қорғанысты күшейтуге күш салып жатыр». Билік басындағы «ауыр салмақтағы» саяси тұлғалардың ауыс-түйісіне қатысты  саясаттанушылардың пікірі осыған саяды. Соңғы уақытта жемқорлыққа қатысты дау-дамайдан арылмай жатқан саланы Тасмағамбетов секілді тәжірибелі басшы тас-түйін реттейді деп есептейді.

Ал елорданы көшіру секілді аса маңызды саяси шешім қабылданған 1997-2003 жылдар аралығында Астана әкімі болған Әділбек Жақсыбековтың «ЕХРО» секілді тағы бір аса маңызды шаруаны тындыру қажет болып тұрған тұста қала басшылығына қайта оралуы кездейсоқтық емес.

Мөлдір бақыт-қызы, тілші:

Ақорданың ресми сайты таратқан мәліметте экс-қорғаныс министрі Серік Ахметовтің ендігі тағдыры туралы нақты ақпарат жарияланған жоқ. Тек Президент оның отставкасын қабылдады деген мәліметпен шектелді. Бірнеше министрлікті, облысты басқарып, небәрі 8 ай бұрын Үкімет басшысы болған Ахметовтің мәселесі ашық күйінде қалды. Ал Мемлекеттік хатшы қызметін уақытша Президент Әкімшілігінің жетекшісі Нұрлан Нығматулин атқаратын болып шешілді.

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ