Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанада «ЕХРО-2017» көрмесіне қатысатын халықаралық компания өкілдерінің алғашқы жиыны өтуде

  • AstanaTV
  • 22 қазан 2014
  • 1306

Халықаралық «ЕХРО-2017» көрмесіне қолданылатын нысандардың құрылысы белгіленген кестеге сай жүріп жатыр. Бұл туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев «ЕХРО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысушылардың алғашқы кездесуінде мәлімдеді. Жиын арқылы Қазақстан көрмеге қатысушыларды күтіп алуда қандай жұмыстар атқарып жатқанын көрсетті. Бастысы, инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп, тартылатын инвестиция көлемі талқылануда. Екі күнге созылатын халықаралық компания өкілдерінің алғашқы жиынына 86 елден 200-ден астам делегат қатысуда. Шетелдік меймандардың ішінде Халықаралық көрмелер бюросының басшылығы да бар.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

Көрменің ерекшелігі - оның болашақ энергиясы атты тақырыбында жатыр. Бүгінде бұл өте өзекті мәселе. Дәстүрлі энергия көздерінің қоры азайып, сенімсіздік және экологиялық қауіп тудырып отырғаны белгілі. Бұл жағдай әлемді таза технологиялар мен баламалы қуат көздерін дамыту жолдарын қарастыруға итермелеп отыр.

Бүгінде ЕХРО-ға 7 мемлекет пен 2 халықаралық ұйым қатысатынын растаған. ЕХРО халықаралық қатынастар департаменті директорының айтуынша, әр елге  1 мың мен 350 шаршы метр аумақты құрайтын павильондар беріледі. Қатысушы елдердің нақты саны 2016 жылдың екінші жартысында белгілі болмақ. Нысандар құрылысы да сол жылы аяқталып, 2017 жылдың қаңтарынан шетелдіктер келіп, павильондарын құра бастауға мүмкіндік алады. Бұл ЕХРО қатысушыларының алғашқы жиыны. Алайда осы басқосу үшін Қазақстан қанша қаржы жұмсады деген сұраққа ұйымдастырушылар жауап бере алмады. Және тартылады деп жоспарланған инвестициялар көлемі туралы  сандарда да айырмашылық байқалды.

Ержан Мейрамов, «ЕХРО-2017 ХМК» коммерция және инвестиция департаментінің бастығы:

Жалпы 283 млн астам евро қаражат тартылу мақсаты қойлып отыр.

Нұрбек Ергешбаев, «ЕХРО-2017 ХМК» халықаралық қатынастар департаментінің директоры:

1 млрдқа жақын доллардан инвестиция тарту мақсаттарымызда бар.

Айгүл ӘДЕПБАЙ