Русский Сайттың толық нұсқасы

Еліміз бойынша астықтың жартысының жиналмай қалу қаупі бар

  • AstanaTV
  • 23 қазан 2014
  • 979

Шенеуніктер Мамытбековтің отставкасын талқылап жатқан тұста, кәсіпкерлер қауымы  астық ысырап бола ма деп алаңдайды. Құбылмалы ауа райы мен «Қазгидрометтің» болжамына қарағанда, биыл астықтың тең жартысы далада қалуы мүмкін. Шенділердің Үкіметке үйіп-төгіп берген есептері шындықтан алшақ жатыр. Бұған Ұлттық кәсіпкерлер палатасының диқандар арасында жүргізген сауалнамасы дәлел. Аталған зерттеу асыра сілтеушілікті анықтаған. Жергілікті атқарушы органдардың дерегінше, Солтүстік Қазақстан облысында бидайдың 87% орылған. Ақмола облысында - 80%. Қостанайда - 70%.

Ресми ақпаратқа сенсек, еліміз бойынша астықтың 80% жиналыпты. «Ал іс жүзінде бұл көрсеткіш - 58%», - дейді палата өкілдері. Сарапшылар қорытындысы бойынша, астықтың басым бөлігінің ылғалдылығы жоғары. Бұл сапаның төмендеуіне соқтырады. Орташа өнімділік гектарынан 9 центнерден аспайды, ал жалпы көлем 11 жарым млн тоннаға жетер-жетпес. Кәсіпкерлер палатасы көрсеткіштердің бұрмалануы қажетті шара қолдануға кедергі келтіреді дейді. Нәтижесінде шаруалар шығынға батып, банк алдындағы берешегі еселеп өсуі ықтимал.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ